13:22, 19 Маусым 2009
«Шарықтау» конкурсына қатысуға өтініштер қабылдануда - Ғылым қоры
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат – «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы инновациялық мазмұндағы бастамашылық ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша Қазақстанның жас ғалымдары арасында «Шарықтау» бірінші республикалық конкурсына өтініштер қабылдаудың басталғаны туралы жария етеді,
деп хабарлады ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметінен. Конкурс қазақстандық ғылымды дамытудың бес басымдықты бағыты бойынша, атап айтқанда нанотехнология және жаңа материалдар; биотехнологиялар; көміртек және кен-металлургиялық секторларға арналған және олармен байланысты сервистік қызметтерге арналған технологиялар; ядролық технологиялар мен орны толатын энергетика технологиялары; ақпараттық және ғарыш технологиялары бағыттары бойынша өтеді. Конкурсқа Қазақстанның жас ғалымдары, оның ішінде 35 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер, докторанттар, ізденушілер, аспиранттар, тәжірибемен айналысушы-зерттеушілер немесе ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің субъектілері болып табылатын тұлғалар тобы қатыса алады. Өтініштер маусымның 17-сі мен шілденің 17-сі аралығында қабылданады. «Шарықтау» конкурсының ережесі туралы толығырақ Ғылым қорының www.science-fund.kz сайтынан оқуға болады.