Егер шашты қысқартып, бір түске бояту қызметін алсақ ең жоғары баға Астана мен Алматы қалаларында тіркелді. Астанадағы кейбір әсемдік салонында шаш қию қызметі 18 000 теңгеге дейін барады. Ал шаш бояу қызметінің құны 15 000 теңге және одан жоғары. Сонымен бірге еліміздің батысы мен солтүстігінде шаш бояу қымбатқа түседі. Таңдаулы әсемдік салонында баға 40 000 теңге және одан жоғары.
Дегенмен Қазақстанның басым бөлігінде қарапайым қызмет ақысы қолжетімді болып тұр. Павлодар, Семей, Қостанай, Атырау мен Қызылордада 2 000 — 2 500 теңгеге шаш қидыруға болады.
Ал бір түске бояу қызметі Қызылорда (5 000 теңгеден жоғары), Көкшетау, Талдықорған мен Семейде қолжетімді. Баға Тараз, Петропавл, Ақтау, Өскемен және Түркістан қалаларында орташа. Бұл өңірлерде шаш қию қызметі 4 000-10 000 теңге, ал бояу 8 000-20 000 теңге аралығында.
Айта кетейік, бұл қарапайым ғана шаш қию мен бір түске бояу қызметі. Ал қазір шаш бояудың бірнеше әдісі бар және әрқайсысының техникасы әртүрлі, бағасы өзгеше. Мәселен AirTouch, балаяж, шатуш, мелирлеу және шашты ағарту құны шеберге және шаш үлгісі мен қалыңдығына қарай өзгереді.
Шаштың түсін өзгертуге қажетті қоспалардың құны мен жұмыс уақыты бағаға әсер етеді. Себебі бір адамға 3-6 сағат уақыт керек. Бұл қызметтің құны 25 000 — 80 000 теңге аралығында.
Шашты қию, бояумен қатар қазіргі әсемдік салондары оның күтіміне, қалпына келтіріп, табиғи қалпын сақтауға көп көңіл бөледі. Мұнда да баға қызмет түріне қарай өзгеріп отырады. Қазір шашты кератин арқылы жатқызып, ботокс арқылы жылтыр қалыпқа түсіреді. Сонымен бірге нанопластика жасатады.
Ботокс салдыру, шашты нәрлендіріп, емдеу бағасы 12 000 теңгеден басталып, 30 000 теңгеге дейін жетеді. Keratin жасатқан кезде шаш сусылдап, төгіліп тұрады. Қызмет құны –15 000 — 45 000 теңге аралығында және одан жоғары. Баға шаш ұзындығына қарай өзгереді.
Қазақстандағы сән индустриясы қалтаға қарай қызмет көрсете алады. Қарапайым қызмет түрлерінен бастап, заманауи әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Алғашқысына қарағанда кейінгісінің ақысы бірнеше есе жоғары.
Еске салсақ, бұған дейін еліміздегі фотосессия бағасы туралы жазылды.