Шатырдың төбесі – Рас-әл-Хайма қазақстандық туристерге не ұсынады
РАС-ӘЛ-ХАЙМА. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірлігінің Рас-әл-Хайма қаласы қазақстандықтар арасында танымал бағытқа айналып келеді. Өткен жылы онда 65 мың отандасымыз барып, Қазақстан туристері жиі келген ТОП-3 мемлекет қатарына енген. Рас-әл-Хайма әмірлігі туризмді дамыту басқармасының бас директоры Раки Филлипс қазақстандықтар қандай көрікті орындарға бара алатынын, қолайлы саяхат үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтып берді.
Рас-әл-Хайма – араб тілінен аударғанда «Шатырдың төбесі» деген мағынаны білдіреді. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінің ең солтүстік бөлігінде орналасқан, сондықтан жазғы уақытта салыстырмалы түрде ауа райы қолайлырақ. Туристерді әмірліктің тауы, теңізі, орманы, оған қоса сахара шөл даласы қатты қызықтырады.
Қазақстан Республикасының азаматтары Біріккен Араб Әмірліктерінде 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Рас-әл-Хаймаға көлікпен Дубай әуежайынан 45 минутта, көршілес Шарджа әуежайынан 30 минутта жетуге болады. Оған қоса, биыл Астанадан Рас-әл-Хайма әуежайларына тікелей рейс ашу жоспарланып отыр.
«Біз Қазақстанмен және «Эйр Астана» секілді әуе компанияларымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 15 наурыздан бастап, Наурыз мерекесі қарсаңында Астанадан Рас-әл-Хаймаға тікелей әуе рейстері қайта ашылатынын қуанышпен хабарлаймын. Біздің әуежайдың бағасы да тиімді, саяхаттауға да ыңғайлы. Ұшақтан түскен бойда аз уақытта 64 шақырымға созылған ақ құмды жағажайымызға жетуге болады. Араб халқының бірегей қонақжайлылығы да қазақстандықтарға ұнауы тиіс», - деді Р. Филлипс агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Ең ежелгі әмірлік
Зерттеушілер Рас-әл-Хайманың 7 мың жылдан астам тарихы барын анықтады. Парсы шығанағы жағасында сауда порттары салынып, інжу-маржан саудасы қызған. Мұнда туристер ХІХ ғасырда тұрғызылған Дайя бекінісін тамашалай алады. Бекініс 70 метрлік төбеде салынған және 239 баспалдақпен көтеріліп, Парсы шығанағын, құрма бақтары мен Джебель-Джейс тауларын тамашалауға болады.
Тарих сүйетін саяхатшыларды әл-Жазира-әл-Хамра көне қалашығы да қызықтыра алады, бұл – Парсы шығанағындағы балықшылар мен інжу жинаушылардың бүгінгі күнге дейін сақталған жалғыз ауылы. Әл-Жазира әл-Хамра барлық дәстүрлі элементтерді қамтиды, соның ішінде форт пен күзет мұнаралары, мешіт, базар және әртүрлі дизайндағы үйлер бар. Кей жерде кораллдан салынған үйлер сақталған. Туристік сапарлардан бөлек, кейде суретшілер ашық аспан астында шағын көрмелерін өткізіп тұрады.
Одан бөлек, Рас-әл-Хайма ұлттық музейі әмірліктің мәдени әрі көрікті орны саналады. Бастапқыда билеуші әмір резиденциясы, кейінірек полиция бөлімі болған бұл бекініс 1987 жылы түпкілікті музейге айналды. Келушілер тарихи, этнографиялық және археологиялық материалдарды тамашалап, аймақ тұрғындарының өмірі мен тіршілігінен хабардар болады. Интерактивті этнографиялық дисплейде әмірліктегі өмір, інжу-маржан іздеушілер, құрма шаруашылығы, балық аулау, егіншілік туралы ақпарат беріледі.
Араб Әмірліктерінің ең биік шыңы
Біріккен Араб Әмірліктерінің ең биік нүктесі Рас-әл-Хаймада орналасқан. Бұл – теңіз деңгейінен 1934 метр биіктіктегі Джебел Джейс шыңы. Бүгінде Джебель Джейс түрлі экстрим спорт түрлерін ұсынып отыр. Мұнда әлемдегі ең ұзын зиплайнда туристер 1680 метр биіктікте терең сайлар, каньондар мен жартасты шыңдар арқылы 120-150 км/сағ жылдамдықпен ұшады.
Ал Jais Slider аттракционы 40 км/сағ жылдамдықта тау ішінде 2 шақырымға жуық жол жүруге мүмкіндік береді. Рельс үстіндегі шана бүкіл отбасы мүшелері үшін қолайлы болмақ.
Сонымен бірге, Араб Әмірліктерінің ең биік мейрамханасы – 1484 метр биіктікте орналасқан «1484 by Puro» келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайды. Панорамалық терезеден немесе мейрамхана террассасынан тауларға ғажап көрініс ашылады. Мұнда түрлі елден жиналған аспаздар әлемінің түрлі асханасынан дәмді тағамдар ұсынады.
Елдегі жалғыз інжу-маржан фермасы
Рас-әл-Хайма ғасырлар бойы інжу-маржан өндіруімен танылды, осының арқасында аймақтағы ең ірі сауда порттарының біріне айналды. Ежелгі заманда сүңгуірлер өмірін қатерге тігіп, мұрнын қысқышпен, құлағын балауызбен жауып, су астынан қабыршақтар жинайтын. Оның қайсысынан інжу табылары да белгісіз. Себебі қабыршақ ішіне түскен бөгде зат, топырақ, тас қиыршығынан қорғану үшін мидия інжу қабатын бөле бастайды. Осылайша, қабыршақтан табылған әрбір маржан көлеміне, формасына, түсіне, жылтырына қарай әр түрлі бағаланады.
Кейінірек қолдан маржан өндіру технологиясы пайда болды, мұнайдың табылуы да дәстүрлі маржан жинау жұмысын бәсеңдетті. Ал 2005 жылы кәсіпкер Абдулла әл Суаиди ескі дәстүрлі жандандырып, Араб Әмірліктеріндегі жалғыз маржан фермасын ашты. Онда мидияларға қолдан имплант салынып, маржан өндіру ісі тұрақты жолға қойылған. Өз кезегінде туристер «Suwaidi Pearls» фермасына экскурсияға барып, маржан өндіру тарихымен таныса алады. Бағын сынап, қабыршақ арасынан маржан іздеп, дайын әшекей бұйымдар сатып алады.
Шөл далада демалуды қалайтындар әл-Вади табиғи қорығына бара алады. Бұл шөл дала ақбөкені – орикс пен қарақұйрықтардың табиғи мекені. Ақ орикс – Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық жануары және 1970 жылдары жойылу алдында тұрған жануардың саны көбейді. Одан бөлек, туристер джип немесе ат, түйе үстінде серуен құрып, құмда сырғанап, шөл ортасында түскі ас іше алады. Кешкі уақытта шоу бағдарламалар мен араб халқының дәстүрлі ән-күйлері көрсетіледі.