«Шатқалдан шатақ шыққалы отыр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Соңғы жылдары еліміз ту­ризмді дамытуға барынша күш салуда. Нәтижесінде өткен жылы елімізге сырттан келген туристер саны 5,6 млн. адамнан асса, ел ішіндегі туристер саны 5,3 млн. адамды құрапты. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 74 млрд. теңгеге жеткен. Негізінде туризм - табыстың қайнар көзі. Біздің елде бұл саланы дамытуға мүмкіндік мол. Жер асты ғана емес, жер үсті байлы­ғы­нан да кенде емес қазақ дала­сының табиғат тылсымдары, сұлу-сымбаты талайды тамсан­дыр­ғаны сөзсіз. Яғни, бізде ту­ризмнің әлеуеті бар, тек соны іске қосу жұмыстары әлі жетің­кіремей жатқаны жасырын емес. Әрине, туризм - табиғат берген сыйды сол табиғи қалпында ғана сақтап, «ал, келіп, өздерің көріп алыңдар» дейтіндей оңай шаруа емес. Бұл саланы дамыту жолында елдің инфрақұрылымдары, әуе, темір жол тасымалдары, ше­каралық проблемалар, құрылыс, инвестор тарту, тағы басқа да көптеген мәселе байланысып жатыр. Үкіметтің кешегі отырысында туризм төңірегіндегі осындай мәселелер ашық айтылып, тиісті органдар түйткілді проб­ле­ма­лардың түйінін тарқатуға тырысты. Бұл мәселе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Туризмнен табыс табуға тиіспіз» деген тақырыппен басылды.

Осы басылым бетінде «Толымды салық - өркенділік кепілі» атты мақала жарияланды. Мақалада салық туралы сарап­та­ма­лар бойынша, еліміз­дің барлық аймақтарында міндетті алымдар мен түсім­дер көлемі елеулі түрде төмендегені байқалатындығы айтылған.  Елбасы үстіміздегі жылғы 27 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде өзек­ті мәселелерге қатысты бір­шама ескертпелер жасағаны мәлім. Әсіресе, салық түсімі бойынша қарыздың 73 пайызы жалған кәсіпорындардың үлесінде екен­дігі шұғыл шаралар қол­дануды талап етеді.

 ***

«Шатқалдан шатақ шыққалы отыр» деп жазады «Айқын» басылымы. Осындай тақырыппен басылған мақалада Үлкен Алматы шатқалында салынған жекеменшік үйлердің басым көпшілігі заңсыз басып алынған жер теліміне салынғандығы айтылады. Қала тұрғындарын елең еткізген мұндай ақпаратты кеше Алматы қалалық Жер қатынастары басқармасы таратқан. Ақпаратқа жүгінсек, қала әкімі Ахметжан Есімовтің тапсырмасы бойынша Үлкен Алматы шатқалына салынған 189 жекеменшік жер телімінің мақсатты пайдалануына байланысты жан-жақты тексеру жүргізілген. Тексеру барысында әлгі 189 жер телімінің ішінде мемлекеттік қор есебінде сақталуы тиісті жалпы аумағы 1,5038 гектар жерді құрайтын 67 жер телімінің заңсыз басып алынғандығы анықталды.

Сондай-ақ осы басылымның «Астық экспортының ақсауына кім кінәлі?» атты мақаласында жазуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы осы жылдың сәуірінде негізгі жоспарға сәйкес 1 млн. 442 мың тонна астықты экспортқа тасымалдауы қажет болған. Алайда 23 күннің ішінде вагондарға 843,7 мың тонна ғана астық тиелген. Ал экспортқа бағытталған 769,2 мың тонна астық тиелмей қалған. Оның 486,2 мың тоннасы Еуропа, 283 мың тоннасы Орталық Азия елдеріне жөнелтілуі тиіс болатын. Сонымен, астық экспортының бұлайша ақсай қалуына кім кінәлі?  

***

Отандық қызмет көрсету компаниялары мұнай-газ және тау-кен өндірісі саласындағы ірі индустриалық-инновациялық жобаларға шетелдік компаниялармен бірдей қатысулары керек. Ол үшін не

істеу керек. Заңнамалық базаны нығайтып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру керек. Бұл мәселелер кеше Қазақстан Республикасының сервистік компаниялары одағы ұйымдастырған «Қазмұнайгазсервис-2012» конференциясының барысында көтерілді.  Аталмыш жиында көтерілген осы және өзге де мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Участие на равных. Вопросы отечественного содержания стали основными на конференции «Казнефтегазсервис-2012» аттымақалада қамтылған.