«Шаттық» жас таланттар фестиваліне 450-ге тарта өнерпаз қатысады

Астана. Маусымның 27-сі. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Шілденің 4-і күні елордада «Шаттық» халықаралық жас таланттар фестивалінің салтанатты ашылуы болады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің қолдауымен биыл екінші рет өтетін бұл шараға «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауы» қоры ұйытқы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала күні мерекесіне келген балалар қазақ астанасымен және қазақ өнерімен жете танысатын болады. Әдетте, бала не нәрсеге де шынайы баға береді, олардың табиғаты тек жақсылықты көруге құштар. Демек, елорда мен еліміз туралы жағымды жаңалықтар ең таза пейілді азаматтардың аузымен әлемнің әр түкпіріне одан әрі тарала түспек. 

5 жас пен 14 жас аралығындағы жас дарындардың арасында өтетін фестивальге өз  балаларымызбен бірге Түркия, Америка, Қытай, Қырғызстан, Грузия, Литва, Өзбекстан, Болгария және Ресейден 450-гу жуық жеткіншек қатысады. Балалар фестиваліне осындай жоғары деңгейде мән беру, демек балалар үйірмесіне, балалар шығармашылығына қолдау жасау деген сөз. Сондай-ақ еліміздің өнері мен мәдениетінің болашақ өкілдеріне бүгіннен бастап назар аударып, баулу ниетінен туған шара.