Шавкат Мирзиёев Орталық Азияға ортақ Қызыл кітап әзірлеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Орталық Азия елдеріне табиғатты қорғау бағытындағы бірлескен нақты тетіктерді іске қосуды ұсынды. 

Фото: Ақорда

Осы тұрғыда мемлекет басшысы өңірге ортақ Қызыл кітап әзірлеу бастамасын көтерді. Оның айтуынша, бұл құжат сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді тіркеумен ғана шектелмей, табиғатты қорғау саласындағы үйлесімді іс-қимылды қамтамасыз ететін пәрменді құралға айналуы тиіс.

— Бұл үдерісті Ташкент қаласындағы Халықаралық табиғатты қорғау одағының өңірлік кеңсесі үйлестіруі мүмкін. Осы арқылы елдердің ғылыми әлеуеті біріктіріліп, тәжірибе алмасу жүйелі жолға қойылады, — деді Шавкат Мирзиёев.

Сонымен қатар, Президент өңірдегі экологиялық қатерлердің алдын алу үшін институционалдық негізді күшейту қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта ол «Жасыл университет» жанындағы шөлейттенуге қарсы күрес, құрғақшылықтың алдын алу және шаңды дауылды ерте ескерту орталығына өңірлік мәртебе беруді ұсынды. Бұл бастама жердің тозуын бақылау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Өзбекстан Президенті Орталық Азияда климаттық өзгерістер жаһандық орташа деңгейден жылдам жүріп, өңірде құрғақшылық, мұздықтардың еруі және су тапшылығы күшейіп жатқанын мәлімдегені хабарланған еді.