Шавкат Рахмонов Ақтауда жастармен кездесті

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда М1 Global белбеу иегері, UFC жауынгері Шавкат Рахмонов 1000-ға жуық жас буын өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында есірткіге елітудің залалы мен уытты өнімді тұтыну салдары жайлы әңгіме өрбіп, спортшы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеді.

Шавкад Рахмонов еліміздің түкпір-түкпірін аралап, спортсүйер жанкүйерлермен кездесулер ұйымдастырып, жастарды жігерлендіруге шешім қабылдаған.
«Иә, спорт саласымен бала кезден бері айналысып келемін. Спортшы адам міндетті түрде тәртіпке бағынып, күнделікті өзін тәрбиелеуі қажет. Сонымен қатар, адамгершілік қасиеттерді алға қойып, қарапайым әрі адал болғаны абзал. Үлкендердің сөзіне құлақ асып, оларға ерекше құрмет көрсету керек. Сондай-ақ, көшеде төбелесіп уақытты зая кетірмей, спортқа қатысып, елінің көк туын желбіретіп, абыройын өзге мемлекеттердің алдында асқақтатуы тиіс» -деді Шавкат Рахмонов.
Баспасөз мәжілісі барысында Шавкат Рахмоновтың жанкүйерлері көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Танымал қазақстандық UFC жауынгері нағыз спортшының тұлғалық қасиеттері жөнінде ой сабақтап, тәрбиелік мәні зор кеңестерімен бөлісіп, кәсіби тұрғыдан бағыт-бағдар нұсқады.