АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Шавкат Рахмонов (16-0) Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 285 аралас жекпе-жек бәсекесінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол американдық белгілі файтер Джефф Нилмен (15-4) шеберлік байқасты. Нәтижесінде үшінші раундта оны қылқындыру әдісімен жеңді.
Айта кетсек, жекпе-жек алдында Джефф Нил UFC орта салмақтағы рейтингінде Шавкат Рахмоновтан алда тұрды. Рейтингте американдық спортшы жетінші орынға жайғасса, қазақстандық оныншы орынға тұрақтаған еді.
Осылайша Шавкат Рахмонов кәсіпқой мансабындағы он жетінші жеңісіне қол жеткізді. Әзірге ешқандай жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ.
Ал Джефф Нил бесінші мәрте қарсыластарына есе жіберді.
Алды ала мәлім болғандай, Ш. Рахмоновтың қарсыласының салмағы шекті межеден асып кетті. Атап айтқанда, таразыға тұрған отандасымыздың салмағы 77,56 келі, ал америкалықтың салмағы 79,37 келі болды. Осыған қарамастан Шавкат Рахмонов пен Джефф Нил жекпе-жегі салмақ айырмашылығына қарамастан өтті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.