Шавкат Рахмонов Санжар Тәшкенбайды қылқындыру әдісімен жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — UFC-де бірде-бір рет жеңілмеген қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбаймен спарринг өткізді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Коллаж: Kazinform

Ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов тізесіндегі ауыр жарақаттан оңалып, жаттығуды қайта күшейтіп жатыр. DAR Team командасы әлеуметтік желідегі парақшасында спортшының дайындығынан бейнежазба жариялады. Бұл жолы «Номад»-тың «қарсыласы» бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай болды.

Бейнежазбада ол жекпе-жекті партерге ауыстырып, боксшыға өзінің шеберлігін көрсетті. Тәшкенбайға қылқындыру әдісін қолданып, жеңілгенін мойындаған соң, бірден босатқан. Санжар болса, жеңілгеніне қарамастан көңіл күйін түсірген жоқ. Керісінше, спорттағы алғашқы жолын ММА-дан бастағанын еске алды.

Шавкат Рахмонов (19-0) үшін қызу дайындыққа қайта кірісу — жарақаттан айығу кезіндегі маңызды қадамның бірі. Ол соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы желтоқсанда UFC 310 турнирінде өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді тізе бүктірді. Онда төрешілер жеңісті бірауыздан Шавкатқа берген еді. Осыдан кейін спортшының тізесіндегі жарақаты қайта асқынып, екі рет ота жасатты. Қазір Рахмоновтың жаттықтырушылар штабы оны толыққанды дайындыққа бейімдеп жатыр. Спортшының октагонға қайта оралуы келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

Санжар Тәшкенбай үшін кәсіби бокстағы дебюті қарсаңында бұл спаррингтің маңызы зор. Ол 28 тамызда Астанада кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізіп, бірінші ең жеңіл салмақтағы IBF Asia нұсқасы бойынша бос тұрған чемпиондық атаққа таласады.

Бұған дейін қазақстандық ММА спортшысы Шавкат Рахмоновтың 2026 жылы UFC-дегі жекпе-жегін өткізе алмайтыны хабарланған еді. 

Айта кетелік Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов октагонға шықпауына не себеп болғанын айтқан еді.

Ақзат Жиеналина