АСТАНА. KAZINFORM — Аралас жекпе-жек спортшысы, қазақстандық Шавкат Рахмонов енді салмақ дәрежесіне қарамастан UFC-дің үздік 15 жауынгерінің қатарына кірмейді.
Рахмоновты P4P рейтингінен шығару Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Чарльз Оливейраның қатысуымен турнир өткеннен кейін тіркелді.
Бразилиялық өз еліндегі октагонда Матеуш Гамротты қапы қалдырды. Бұл жеңіс оған UFC-дегі үздік 15 спортшы рейтингіне енуіне мүмкіндік туғызды.
Соңғы бірнеше айдан бері Р4Р рейтингінде 15-орында тұрған Шавкат Рахмонов ол тізімнен шығарылды. Отандасымыз жыл басынан бері бірде-бір жекпе-жек өткізген жоқ. Ауыр жарақатына байланысты ол мамыр айында ота жасатты.
UFC-дің жартылай орта салмақ рейтингінде Шавкат Рахмонов үздік үштіктегі орнын сақтап қалды.
Отандасымыз мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.
Еске салсақ, бұдан бұрын Шавкат Рахмоновтың бапкері оның UFC-ден кететіні туралы қауесетке жауап берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.