Шавкат Рахмоновтың UFC-ден кететіні рас па

Фото:Kaspi.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Шавкат Рахмоновтың бапкері оның UFC-ден кететіні туралы қауесетке жауап берді.

Ресейлік Telegram-арналардың бірі қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың UFC-ден кететіні туралы ақпарат таратты. Мұның рас-өтірігін агенттік тілшісі спортшының бапкерінен сұрап білді.

Ресейлік блогер Владимир Колос жүргізетін «Колос» Telegram-арнасы бұл жаңалықты бірінші болып жариялады.

— Шавкат Рахмонов UFC-мен қоштасып жатыр, — деп жазды ол.

Блогердің жазбасына қарағанда, ол қазір Лас-Вегаста жүр және 4 қазанда өтетін UFC 320 турнирінен хабар таратуды жоспарлап отыр. Алайда басқа нақты деректер айтылмаған.

Kazinform тілшісі Шавкат Рахмоновтың Dar Team командасындағы бапкері Эдуард Базровқа хабарласып, мән-жайды сұрады.

— Шынымды айтсам, өзім ештеңе білмеймін. Бұл туралы бізде ешқандай ақпарат жоқ, — деді ол.

Dar Team командасының жетекшісі Бауыржан Өтәлиев агенттік тілшісіне берген жауабында Рахмоновтың UFC-ден кететінін жоққа шығарды.

— Шавкат күн сайын жаттығып жүр. Бұл — жай ғана қауесет, — деді ол.

Сондай-ақ команданың ресми парақшасында Шавкат Рахмоновтың жаттығу жасап, түрлі әдісті пысықтап жүрген сәттері түсірілген видео жарияланған.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін жеңіліп көрмеген Шавкат Рахмонов кейінгі рет UFC октагонына 2024 жылғы желтоқсанда шыққан еді. Ол жарақатына қарамастан, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің шешімімен жеңді.

Ал жуырда DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров Betonmobile басылымына берген сұхбатында Шавкат Рахмоновтың жақын уақытта октагонға оралуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.