Шайбалы хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионаты қайда өткізіледі

АСТАНА. KAZINFORM - Швейцарияның Цюрих қаласында Халықаралық хоккей федерациясының конгресінде 2027 жылғы элиталық және өзге дивизиондарда әлем чемпионатын өткізетін елдер мен уақыты белгілі болды.

Фото: ҚХФ

Бұл дүбірлі додада еліміздің ерлер, әйелдер, жастар және жасөспірімдер құрамалары түрлі дивизионда бақ сынайды.

Ерлер арасындағы элиталық дивизиондағы әлем чемпионаты 2027 жылдың 14-30 мамыры аралығында Германияның Дюссельдорф және Мангейм қалаларында өткізіледі. Бұл беделді бәсекеге Қазақстан құрамасы қатысады. Биыл элиталық дивизионнан Италия мен Ұлыбритания құрамалары түсіп қалды. Олардың орнын бірінші дивизионда алғашқы екі орынға ие болған Қазақстан мен Украина құрамалары ие болды.

Айта кетсек, 1B дивизионындағы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2027 жылдың сәуірінен қараша айына ауыстырылды. Дүбірлі дода Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында жалауын көтереді. 

Ал U18 санаты бойынша 2A дивизионындағы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты тағы да Түркияның Ыстанбұл қаласында 2027 жылдың 25-31 мамыры аралығында болады. 

Сондай-ақ 1A дивизионы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатында хоккейшілер 2026 жылдың 6-13 желтоқсаны аралығында Венгрия астанасы - Будапешт қаласында ойнайды. 

Словенияның Блед қаласында 2027 жылдың 18-24 сәуірі аралығында 1А дивизионындағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты болады.