Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты плей-офф сатысына шыққан құрамалар анықталды

Фото: Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында плей-офф сатысына шыққан барлық құрама анықталды.

Жарыстың 1/4 финалында 23 мамырда Канада мен Словакия, Швеция мен Финляндия, Германия мен Швейцария, АҚШ пен Чехия кездеседі.

Жартылай финал ойындары 25 мамырға белгіленген. Финал мен 3-орын үшін сайыс 26 мамыр күні өтеді.

Айта кетсек, биыл Қазақстан құрамасы элиталық дивизиондағы орнын бесінші жыл қатарынан сақтап қалды.

Қазақстандық хоккейшілер топтық кезеңде Франция мен Польшаны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6, Латвияға 0:2, Швецияға 1:3, Германияға 2:8, АҚШ-қа 1:10 есебімен есе жіберді.

Әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Содан бергі кезеңде Канада - 28, КСРО (Ресей) - 27, Чехословакия (Чехия) - 12, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 2, Ұлыбритания мен Словакия - 1 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Қазақстандық хоккейшілер 1998 жылдан бері әлем чемпионаты элиталық дивизионында ел намысын қорғап қайтты. Әзірге ең жоғары жетістігі – 2021 жылғы оныншы орын.