Биыл беделді жүлде үшін 10 команда бақ сынайды. Өткен маусымның рейтингіне сәйкес олар екі топқа бөлінді.
Өскеменде өтетін А тобында елдің қазіргі чемпионы – Астананың «Номад» командасы, жергілікті «Торпедо», Көкшетаудың «Арлан», «Алматы» және «Ақтөбе» командалары өнер көрсетеді.
Матчтары Қарағандыда өтетін В тобына «Сарыарқа», Петропавлдың «Құлагер», Рудныйдың «Горняк», Атыраудың «Бейбарыс» және Павлодардың «Ертіс» командалары енді.
Алдын ала кезеңнің кездесулері 14–19 тамыз аралығында өтеді. Одан кейін плей-офф кезеңінде жартылай финалдар ұйымдастырылады (топ жеңімпаздары параллель топта екінші орын алған командалармен кездеседі) және финалдық матч өтеді. Шешуші ойындар 22–23 тамыз күндері Қарағандыда ұйымдастырылады.
Еске салсақ, Қазақстан Кубогінің қазіргі иегері – «Торпедо» командасы.
Еске салсақ, бұдан бұрын астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы 2026/2027 жылғы маусымда алғашқы ойынын қашан өткізетіні белгілі болды.
Қазақстандық команда жаңа маусымды елордадағы ойындар сериясымен бастайды. Олар ресейлік клубтармен қатарынан үш матч өткізеді.
Алдымен елордалық клуб 7 қыркүйекте «Сибирь» (Новосібір) командасымен кездессе, одан кейін «Салават Юлаев» (Уфа) және «Амур» (Хабаровск) клубтарымен шеберлік байқасады.