НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы капитаны міндетін Әлихан Әсетов атқаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ә.Әсетов 1996 жылдың 26 тамызында Өскемен қаласында дүниеге келген. Елордалық «Барыс» командасында 2018 жылдан бері тұрақты түрде ойын көрсетіп келеді. Ұлттық құрама сапында 2017 жылдан бері ел намысын қорғап жүр.
Әлем чемпионатында Роман Старченко мен Даррен Диц вице-капитан міндетін атқарады.
Естеріңізге сала кетелік, әлем чемпионаты Литвада 21 мамыр және 6 маусым аралығында өткізіледі. Қазақстандық хоккейшілер В тобында Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Норвегия, Италия және Латвия құрамаларымен шеберлік байқасады.
Ал А тобында Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь, Ұлыбритания және Ресей бар.
Қазақстан хоккейшілері әлемнің үздік құрамаларымен бірге бес жылдық үзілістен кейін сынға түскелі отыр. Соңғы рет 2016 жылы элиталық дивизионда мұз айдынға шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.