Шайбалы хоккейден 2024 жылғы әлем чемпионатында топтық құрамда өзгеріс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2024 жылғы әлем чемпионатында құрамалардың топтарға бөлінуі нақтыланды. Қазақстан құрамасы сынға түсетін А тобында Канаданы АҚШ құрамасы алмастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік дода 2024 жылдың 10- 26 мамыры аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өткізіледі.

Әлем чемпионатында А тобында (Острава) АҚШ, Германия,

Швеция, Словакия, Латвия, Франция, Қазақстан, Польша құрамалары сынға түседі.

Ал В тобында (Прага) Финляндия, Канада, Швейцария, Чехия, Дания, Норвегия, Австрия мен Ұлыбритания шеберлік байқасады.

2023 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (ИИХФ) 2024 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңдегі алдын ала нұсқасын жариялаған еді. Соңғы нұсқасында АҚШ пен Канада орын алмасты, басқа өзгеріс жоқ.

Айта кетсек, 2023 жылғы әлем чемпионатында Канада жеңімпаз тұғырына көтерілсе, Германия екінші орын алды. Үздік үштікті Латвия құрамасы түйіндеді.