АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Швеция төртінші жеңісіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А тобында сынға түсіп жатқан швециялық хоккейшілер 18 мамырда Венгрияны 7:1 есебімен сүріндірді. Бұл - олардың қатарынан төртінші жеңісі. Нәтижесінде турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Аталған топта Германия Данияны 6:4 есебімен жеңіп, әлем біріншілігіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы ойнайтын В тобында Чехия Словенияны 6:2 есебімен жеңсе, Швейцария Словакияны 4:2 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстандық хоккейшілер қазірге дейін төрт кездесу өткізді. Бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңді.
Одан кейін Чехиядан 1:5, Швейцариядан 0:5, Канададан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.
Енді қазақстандық хоккейшілер 19 мамырда Словакиямен кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.