АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы Швейцариямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі кездесуде бірінші кезеңде швейцариялық хоккейшілер белсенді ойын көрсетті. Бірінші кезеңде олардың қатарынан Тобиас Гайссер көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Одан кейін Фабрис Херцог 27, Дамьен Риа 30, Нино Нидеррайтер 40, Ромен Лёффель 49-минутта есепті үстемелей түсті.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді.
Енді олар 17 мамырда Канадамен кездеседі.
В тобында сынға түсіп жатқан қазақстандық хоккейшілер бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңсе, Чехиядан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетсек, әлем чемпионаты 12 мамырдан Латвияның Рига және Финляндияның Тампере қалаларында басталды.
Топтық кезең 12 және 23 мамыр аралығына белгіленген. Финал 28 мамырда болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.