Еске салсақ, биылғы турнирде қазақстандық хоккейшілер төрт мәрте жеңіске жетіп, үш кездесуде қарсыластарына есе жіберіп қойды. Нәтижесінде жеті ойыннан кейін 10 ұпай жинап, турнир кестесінде 3-орынға жайғасты. Кеше Норвегияны жеңген жағдайда Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет плей-офф кезеңіне жолдама алатын еді. Өкініштісі, аталған қарсыласына қазақстандық хоккейшілер 1:3 есебімен жол беріп қойды.
Соған қарамастан, бүгін Финляндия мен Канада құрамалары арасындағы кездесуде финляндиялық хоккейшілер негізгі кезеңде басым түссе, қазақстандықтар жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болар еді. Алайда, Финляндия Канаданы буллитен 3:2 есебімен жеңді. Осылайша канадалықтар аталған ойында 1 ұпай алып турнир кестесінде Қазақстан құрамасын артқа тастап кетті.
Айта кетейік, қазақстандық хоккейшілер бұған дейін плей-офф кезеңіне шыққан емес. Биыл сондай жетістікке жақын тұрды.