НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында топ-дивизионда Қазақстан құрамасы бүгін, 22 мамырда кезекті ойынын Германияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу елорда уақытымен 19:20-де басталып, «Qazsport» телеранасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетсек, әлем чемпионаты 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өтеді.
Қазақстан құрамасы А тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Канада, Словакия, Германия, Дания, Швейцария, Италия және Франция.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Дания, Франция, Швейцария, Канада және Словакия құрамаларынан жеңілді.
Әзірге Қазақстанның қоржынында ұпай жоқ. Турнир кестесінде көш соңында тұр.
Небәрі 12 ұпай еншілеген Словакия турнир кестесінде үшінші орында келеді.
Екі құрама бұған дейін 6 мәрте кездесті. Оның 3-уі Қазақстанның жеңісімен аяқталса, қалғанында германиялық құрама басым түсті.
Былтыр әлем чемпионатында қазақстандық хоккейшілер аталған қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірген еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.