ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан хоккей федерациясы ел біріншілігін белгісіз мерзімге дейін шегеруге шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі федерация сайтына сілтеме жасап.
Бұл шешім әлемде дендеп бара жатқан коронавирус дерті қаупінің алдын алу мақсатында қабылданды. Нәтижесінде ел аумағындағы балалар мен жасөспірімдер спорты қауіпсіздігін сақтау бағытында кез келген оқу-жаттығу және ойын процесіне тыйым салынады. Аталған шешім әзірге 14 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептердің көктемгі каникулы аралығында болады деп күтілуде. Ол шамамен 5 сәурге дейінгі аралықты қамтиды.
Ал 15 наурыздан бастап ел аумағында шайбалы хоккейден барлық ойынды өткізуге белгісіз мерзімге дейін шектеу жасалды.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын бендиден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қатысудан бас тартқан еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.