Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяны екінші рет жеңді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен екінші жолдастық кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында ел құрамасы сапынан екінші кезеңде үш шайба соғылды. Оны Әлихан Өмірбеков 23, Максим Мухаметов 26, Әділ Бекетаев 36-минутта өзінің еншісіне жазды. Оған корейлік Мин Хван Кан 31-минутта бір голмен жауап қайырды.

Үшінші кезеңде қазақстандық Данил Бутенко 42, Михаил Рахманов 48, Роман Старченко 57, Никита Михайлис 58-минуттарда гол соқса, Әлихан Өмірбеков 59-минутта кездесудегі екінші шайбаның авторы атанды. Корейлік хоккейші Ки Сон Ким 56-минутта есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 8:2 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде Оңтүстік Кореяны 5:0 есебімен басым түсті.

Биыл қазақстандық хоккейшілер 12-28 мамыр аралығында топ-дивизионда В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Чехия, Швейцария, Латвия, Словакия, Норвегия, Словения.