Шайбалы хоккейден ҚР чемпионаты: жартылай финалға шыққан командалар анықталды

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының ашық чемпионатының жартылай финалына шыққан төрт команда - «Сарыарқа», «Ертіс-Павлодар», «Бейбарыс» және «Арыстан» жарысты жалғастырып, биылғы чемпионаттың көрігін қыздыратын болады.

Олар екі жұп: «Сарыарқа» - «Ертіс-Павлодар» және «Бейбарыс» - «Арыстан» болып ойнайды. Чемпионаттың плей-офф сериясындағы кездесулер төрт жеңіске дейін жалғасады. Жартылай финалдың 1-2-ші туры наурыздың 23-24-і күндері басталса, 3-4-ші тур - наурыздың 28-29-ы, 5-ші туры - сәуірдің 1-і, 6-шы тур - сәуірдің 4-і, ал соңғы 7-ші тур сәуірдің 7-сі күні өтеді.