***
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстанның 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері қаралған жұмыс бабындағы кеңес болып өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жылдың жақсы аяқталатынына үміт мол» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Кеңес барысында 2011 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және ағымдағы жылдың болжамдары туралы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов баяндама жасады. «Осы айдың басында біз экономиканың қорытындысын шығардық. Қазақстан экономикасы 7,1 пайызға өсті. Қуанарлық бір жәйт, өндіріс өсімі 6 пайызды құрады. Осы 7 пайыз көрсеткіштің 2,6 пайызы индустриялық бағдарламалардың есебінен қамтамасыз етілді. Индустриялық бағдарлама бізге осындай үлкен жетістіктер әкелуде. Біз индустриялық бағдарламаларды жүзеге асырудың жартыжылдық қорытындысын шығарып отырмыз», - деп атап өткен алқалы жиынды ашқан Елбасы.
Соңғы кездері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанға зиянкес шегірткелердің шабуыл қаупі төніп тұр дегендей ақпараттар таратылуда. Мұндай жәндіктер шабуылының егістіктер мен онда өскен астық және басқа дақылдар үшін қанша қатерлі екендігін еліміз осыдан біраз жыл бұрын жақсы сезінген болатын, оны халық та ұмыта қойған жоқ. Сондықтан осы мәселенің мән-жайын және аталған істе қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын білмек болған «Егемен Қазақстан» газеті Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциялар комитеті төрағасының орынбасары Мұхтар Әлиевті әңгімеге тартқан. Сұхбат «Шегіртке шепті бұза алмайды» деген тақырыппен берілген.
***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кеше ҚР Көлік және коммуникация министрлігі келесі айдан бастап еліміздегі техникалық бақылау қызметінің жекеменшік орталықтарға берілетіндігін мәлімдеді. Бұл ғана емес, көліктік бақылау саласындағы рұқсат беру құжаттары да екі есе азаяды. Ал Татарстандағы «Булгария» теплоходының апатынан кейін су кемелерін тексеру жұмыстары күшейтіліп, бірқатар жолаушы тасымалдайтын кемелер қызметіне тыйым салынған. Сондай-ақ алдағы уақытта көліктік бақылау органдары беретін 36 рұқсат құжатының 14-і қысқартылуы мүмкін. Бұл жайында тереңірек басылымның жұма күнгі нөміріндегі «Министрлік міндеттерін қысқартып жатыр» деген тақырыппен берілген мақаладан біле аласыздар.
Ресей елі сыраны алкогольді өнімдердің қатарына теңестіріп, «алкогольді өнімдерге қойылатын шектеулердің барлығы сыраға да қатысты болуы керек» деп арнайы заң қабылдады. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында «Ресейдегідей сыраны алкоголь өнімдеріне теңестіріп, оған шектеулер қою керек пе?» деген сауал мамандар талқысына түскен. «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары» ұлттық орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаева: «Міндетті түрде, жаппай сыра атаулының барлығына алкогольді өнімдермен теңестіріп, алкогольді өнімдерге сай шектеулер қою керек», десе, бұған түбегейлі қарсы шыққан Алкоголь өнімдерін өндірушілер мен сатушылар қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев: «Құрамында алкогольдің құрамы 0,5 пайыздан төмен сыралар «алкогольсіз өнім» деп жазылған. Ендеше, біз оған қалайша тыйым саламыз?», - дейді.
***
«Атырау қалалық прокуратурасымен жарылғыш заттар мен пиротехникалық бұйымдарды өндіруші, алушы және өткізу қызметімен шұғылданатын заңды тұлғалардың жарылғыш заттарды сақтау тәртібін тексеру кезінде жеке серіктестікке қарайтын қоймадан пайдалану мерзімі аяқталған 40 тонна жарылғыш зат табылды», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, қоймадан табылған жарылғыш заттар зауыттан 2007-2008 жылдары шыққан. Қазіргі күні мамандар бұл қауіпті заттарды алдын ала сынақтан өткізбейінше пайдалануға болмайды деген тоқтамға келіп отыр. Мақала «Қырық тонна жарылғыш зат табылды» деген тақырыппен берілген.
«Айқын» газетінің жазуынша, Семей қаласының полициясы банкоматты бұзып, 5 112 000 теңгені көтеріп кеткендерге іздеу жариялады. Семей қаласындағы Әуезов көшесіне орналасқан орталық дәріханалардың біріне кештетіп кірген 20-25 шамасындағы үш жігіт дәрі сатушы фармацевтке құбыр жөндейтін авариялық қызметтің сантехниктері екендіктерін айтып, ішке өткен. Есікті ашқан фармацевт-әйелді қоймаға арналған бөлмелердің біріне қамап тастаған «сантехниктер», дәнекерлеу аппаратының көмегімен аптеканың кіреберісінде тұрған банкоматты бұзып, 20 минуттың ішінде іздерін суытқан.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, әңгіме барысында Мемлекет басшысы Өзбекстанда болған жер сілкінісі кезіндегі орын алған адам шығындарына байланысты көңіл айтты. Нұрсұлтан Назарбаев зардап шеккендердің туған-туысқандары мен жақындарына өзінің қолдау сөздерін жеткізді. Мемлекет басшысы Қазақстан жер сілкінісі зардаптарын жоюға қолдау көрсетуге дайын екендігін де тілге тиек етті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының одан әрі дамуының кең ауқымды мәселелерін талқыға салды.