Шегірткеге қарсы іс-шара сәуір айында басталады - АШМ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде шегірткенің таралуына қарсы іс-шаралар сәуір айында басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада шекаралас аумақтарда шегіртке тектес зиянкестермен және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресу мәселелері бойынша Қазақстан және Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының жыл сайынғы халықаралық кеңесі өтті.

«Тараптар 2019 жылы жүргізілген іс-шаралар, шекаралас аумақтардағы шегіртке зиянкестерінің дамуы мен таралуы, ауыл шаруашылығы зиянкестерімен және аурулармен күресу іс-шаралар туралы ақпаратпен алмасты. Сондай-ақ, осы бағытта өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды», делінген хабарламада.

РФ делегациясын «Россельхозцентр» ФМБМ директоры Александра Малько бастап келген. Ол 2019 жылы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы екі елдің бірлесіп жүргізген іс-шаралары арқасында шекаралас аудандарда ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерінің зақымдануы, сондай-ақ шегірткелердің көрші елдің шекарасына өтіп кетуі болмағандығын атап өтті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комиетінің төрағасы Алмабек Марс 2020 жылы жоспарланған іс-шаралар туралы кеңінен айтып берді.

Оның айтуынша, 2020 жылы шегіртке тектес зиянкестер 554 мың гектар алқапта таралуы мүмкін деп күтілуде. Шегірткеге қарсы күрес үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген. Аталған қаражат барлық болжамдалған алқапқа пестицидтерді және химиялық өңдеуді сатып алуға мүмкіндік береді.

«Орталық қоймада жалпы 47,5 мың литр пестицид қоры бар. 2020 жылы шегіртке тектес зиянкестердің үйіріне қарсы іс-шаралар жүргізу үшін 148 арнайы техника: оның ішінде 119 жерүсті бүріккіш, 10 ұшақ, 10 жеңіл әуе кемесі және 9 аэрозоль генератор жұмылдырылады. Бүгінгі күні шегіртке тектес зиянкестерге қарсы шараны уақытылы ұйымдастыру үшін дайындық аяқталуға жақын», - деді А.Марс.

Кеңес соңында Қазақстан мен Ресей министрліктері 2020 жылы екі елдің шекаралас аумағында шегіртке тектес зиянкестердің таралуына жол бермеу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.


Соңғы жаңалықтар