Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу қызметтері бірыңғай жүйе арқылы сатып алынады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда шегірткеге қарсы химиялық өңдеу қызметтерін сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты.

Фото: Kazinform

Вице-министрдің сөзінше, жаңа жүйе химиялық өңдеу жұмыстарын бір орталықтан үйлестіруге және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар шегірткеге қарсы қолданылатын желдеткіш бүріккіштердің жұмыс өнімділігіне қойылатын талаптар қайта қаралған. Бұрын бір техника тәулігіне 100 гектар жер өңдеуі тиіс болса, қазір бұл көрсеткіш 70 гектарға дейін төмендетілген.

– Бұл өңдеу жұмыстарының сапасын арттырып, оны қысқа мерзімде әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде ТМД елдерінің шегірткеге қарсы күрес жөніндегі келісімі де жүзеге асырылып жатыр. Бұл көрші мемлекеттердің іс-қимылын үйлестіруге және зиянкестердің шекара асып таралуының алдын алуға жол ашады.

Еске салсақ, Қазақстанда биыл шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының болжамды көлемі 2,2 млн гектар.