— Ерлан Құлатайұлы, биыл Батыс Қазақстан облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қанша көлемде жүргізіледі, алдымен соған тоқталсаңыз?
— Батыс Қазақстан облысы аумағында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі 455,02 мың гектар болып белгіленді. Соның ішінде үйірлі шегірткелерге қарсы республикалық бюджет есебінен 229,288 мың гектар жерді улау көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен мемлекеттік сатып алулар өткізіліп, мердігерлер анықталды. Бұл ретте атап өтетін жайт, бұрын препарат жеткізушілерге, улау жұмыстарына бөлек-бөлек тендерлер өткізілетін. Өткен жылдан бастап мұның бәрі біріктірілді. Яғни мердігерлер өз дәрі-дәрмектерімен, өз техника, күштерімен келіп, жұмысты аяғына дейін жеткізеді. Егер шегірткелер өлмей қалып қойған жағдайда ол жерді өз қаржысы есебінен қайтадан өңдейді.
Сол секілді саяқ шегірткелерге қарсы 225,732 мың гектар алқапты өңдеу үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, мердігерлер анықталды.
Химиялық өңдеу жұмыстары жерүсті желдеткіш бүріккіштермен, аэрозольді генераторлармен, жеңіл ұшақтармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жүргізіледі. Мысалы, жергілікті «Магтоксин» ЖШС 8 аэрозольді генератормен, Ақтөбеден келетін «ЗапКазФумигация» ЖШС 23 жерүсті желдеткіш бүріккішпен, алматылық «АгроСЛА» ЖШС 2 жеңіл ұшақпен және «Фитосанитария» РМК БҚО филиалы 6 ұшқышсыз ұшу аппаратымен жұмысқа кіріскелі отыр.
— Дрондар саны көбейген бе?
— Иә, өткен жылы дрондармен 3 500 гектар аумақ қамтылса, биыл мұндай аппараттар саны алты данаға жеткізіліп, соған сәйкес жұмыс көлемі екі есеге өскелі отыр. Мұның тиімділігі сол, дрондар техникалар бара алмайтын жерлерге жетеді. Екіншіден, адам күшін қажет етпейді. Әуелі қолмен басқарылатын дрондар мониторинг жүргізіп, бақылап келеді. Содан кейін өңдеуге тиісті жерлер бағдарламаға енгізіліп, жұмыс атқарылады.
— Жалпы, облыс көлемінде химиялық өңдеу жұмыстары қаншалықты нәтижелі деп айтуға болады?
— Бұл жерде мына деректі келтіре кетейін. 2000 жылы Батыс Қазақстанда 800 мың гектар жер өңделген екен. Өткен жыл ауа райы ыстық болып, шегірткелер жаппай жанданды. «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» РММ облыстық филиалының зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша үйірлі итальяндық прустарға қарсы 2025 жылы 247,597 мың гектар жер өңделді. Мұның биологиялық тиімділігі 90-92 пайыз болды. Бұл — жақсы нәтиже. Биыл өңделетін аумақ 17 мың гектарға азайды. Демек, күрес шараларының нәтижесінде шегіртке жайлаған жерлер жылма-жыл қысқарып келеді.
Өңір басшысының өкімімен облыстық штаб құрылды. Сондай-ақ мұндай штабтар әр ауданда жұмыс істейді. Олар сала мамандарымен бірлесіп, іс барысын бақылап отырады.
Шегіртке бар барлық жерді анықтау қиын. Дегенмен мамандарымыздың көп жылдық іс-тәжірибесіне сүйенеміз. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар, малшылар, диқандар шегіртке шығып жатқан аумақты хабарлап, көмектесіп отырады. Ең бастысы, мұндай жерлерді техника жіберіп, дер кезінде улау маңызды.
— Батыс Қазақстанның Ресейдің бес бірдей өңірімен, өзіміздің Ақтөбе және Атырау облыстарымен шектесетіні белгілі. Ондағы әріптестеріңізбен байланыс қалай?
— Көршілес облыстармен шегірткелерге қарсы бірлескен іс-шаралар жоспары жасалып, жылма-жыл бекітіліп отырылады. Жоспарға сәйкес шекара бойынша екі жақты мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Әріптестерімізбен шекарада кездесіп, нақты жағдайды талқылаймыз. Химиялық өңдеу жұмыстары да ең алдымен шекаралық аумақтан басталады. Соның нәтижесінде шегірткелердің біздің өңірден көршілес облыстарға ұшуы немесе олардан келуі өткен жылы тіркелген жоқ. Оған қоса облыс аумағында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, яғни фермерлердің жерлері шегірткелерден зиян шекпеді. Шаруа қожалықтарынан шағым түскен жоқ. Залал келмегендіктен, өтемақы да қарастырылмайды.
— Шегірткенің қандай жерлерде көбірек өсіп-өнетіні, ауа райына байланыстылығы жөнінде не айтар едіңіз?
— Жалпы, шегірткелер құмайт аймақтарды жақсы көреді. Облыста Қаратөбе, Сырым және Бөкей ордасы аудандарында мұндай жерлер жеткілікті. Ал топырағы қатты болып келетін қырлықта тез өсіп-өне алмайды. Ыстық ауа райы кезінде бауырын құмға төсеген шегірткелер жылдам жанданады. Биыл облыс көлемінде көктем жаңбырлы, салқындау болды. Сол себепті оның дернәсілдері өткен жылғы 3 мамырдағыдай емес, кешігіп, 11 мамырда жер бетіне шықты.
Химиялық өңдеу шаралары маусым айының соңында, шілденің басында аяқталады. Бірақ шегірткелер жазда шағылысып, бір-екі аптадан кейін топыраққа жұмыртқа салып үлгереді. Күн ыстық болса, жұмыртқа салу үш мезгілге ұласады. Ондай жағдайда келесі жылы өңдеу жұмыстарын үш рет өткізуге тура келеді. Әр қауашақта 30-35-ке дейін ұрық болады. Мамандар сол жерлерді қазып, зерттеп, есептеп, алдағы жылға болжам жасайды. Көктемде қайтадан мониторинг жүргізіліп, қауашақтардың қаншалықты зақымданғаны, жалпы өңдеу көлемі нақтыланады. Жаңбыр жиі жауса, олардың кейбірі шіріп кетуі де мүмкін.
Қорыта айтқанда, қазіргі заманғы технологиялар мен зерттеу тәсілдерін қолдана отырып, шегіртке тектес зиянкестерге қарсы жұмыстарды тиімді жүргізудің маңызы зор.
— Әңгімеңізге рахмет!
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шегіртке шекараны білмейтіні, Батыс Қазақстандағы жағдай қалай екендігін жазған едік.