Шегіртке шекара білмейді: Батыс Қазақстандағы жағдай қалай
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, биыл үйірлі шегірткелерге қарсы 134,5 мың гектар аумақты улау жоспарланған еді.
Ерлан Құлатайұлының сөзіне қарағанда, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 312 млн теңге бөлінді. Химиялық өңдеу жұмыстары 21 мамырда басталған.
— Қазірдің өзінде бұл жұмыс артығымен орындалып, 177 мың гектар жер өңделді. Облыстың барлық ауданында 5 аэрозольді генератор, 14 желдеткіш бүріккіш, 2 жеңіл ұшақ, 3 дрон жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар 192,3 мың гектарға саяқ шегірткелерге қарсы улау жұмысын жүргізуге облыстық бюджеттен 726 млн теңге қарастырылды. Бұған 16 техника тартылды, — дейді Ерлан Орынбаев.
Оның айтуынша, италиялық прустың дернәсілдері әр 10-12 жыл сайын жаппай жанданып отырады. Мысалы, 2000 жылы Батыс Қазақстан облысы аумағында 800 мың гектар жер өңделді. Мұндай жағдай 2012-2013 жылы қайталанды. Енді сол цикл биылғы жылға келіп тұр.
— Жуырда Қаратөбе ауданы Ханкөл елді мекені тұрғындарынан шегірткенің қаптап кеткені жөнінде хабар түсті. Қазіргі таңда ондағы жер толықтай өңделді. Күні бүгін италиялық прус пен саяқ шегірткелер араласып кеткен деуге болады. Шегірткеге қарсы улау жұмыстары алдағы шілде айының алғашқы онкүндігінде аяқталады. Химиялық өңдеу жұмыстарының биологиялық тиімділігі 90-92 пайыз. Сондықтан шегірткені түгел жойып жіберу мүмкін емес. Зерттелмеген жерлерден шығуы ықтимал, — дейді инспекция басшысы.
Оның мәлімдеуінше, шегірткеден зардап шеккені жөнінде фермерлерден арыз-шағым түскен жоқ.
— Шегірткенің ел мен жерді таңдамайтыны түсінікті. Сол себепті Ресейдің көршілес аумақтарындағы мамандармен де байланыстамыз. Шекаралас аймақтарға барып, пікірлесіп тұрамыз. Басты мақсат — шегірткеге тосқауыл қою, — деді Ерлан Орынбаев.
Инспекция мәліметі бойынша өткен жылы республикалық бюджет есебінен 113,5 мың гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қызылорда облысында шегірткелер жылдағыдан екі апта ерте оянғанын жазған едік.