Шегірткенің қаптағанын көрсететін бейнежазбаның бәрі рас емес - АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы алқаптарында үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда.
АШМ дерегінше, бүгінгі таңда жоспарланған көлемнің 80,1 пайызы, яғни 1,7 млн гектар жер өңделді.
- Түркістан облысында жұмыстар іс жүзінде аяқталды — 371 мың гектардан астам алқап өңделді.
Жамбыл облысында 81,3 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді.
Еліміздің тағы 13 өңірінде өңдеу жұмыстары жалғасуда.
Ақтөбе облысында – 351 мың га, Қостанай облысында – 345,7 мың га, Батыс Қазақстан облысында – 177,5 мың га, Қызылорда облысында – 58,6 мың га, Қарағанды облысында – 34,2 мың га көлемінде күрес шаралары жүзеге асырылды, - делінген ведомство ақпаратында.
Бұл шараларға жалпы 443 бірлік арнайы бүрку техникасы тартылған, оның ішінде 24 ұшақ, 49 ұшқышсыз ұшу аппараты және 30-дан астам аса жеңіл авиация техникасы бар.
- Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында шегірткенің жаппай қаптауы туралы бейнематериалдар тарауда.
Әрбір жарияланым бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Мұндай материалдардың көпшілігі фактілермен расталмайтыны және шынайы жағдайды көрсетпейтіні анықталды.
Бүгінгі күні аталған өңірлердің барлығында химиялық күрес жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде, ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдану деректері тіркелген жоқ, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында шегірткеге қарсы бірлескен тексеру басталды.