Шекара арқылы 2,8 млрд теңгеден астам сомаға шетел валютасы шығарылмақ болған

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 184 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды заңсыз әкелудің әрекеттері анықталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметтінің қорытындысына арналған брифингіде Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғани Ағаділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«324 жағдайда 2,8 млрд теңгеден астам сомаға шетел валютасын әкетудің жолы кесілді. Бұдан бөлек, 184 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды заңсыз әкелудің 12 әрекеті анықталды», - деді Ғ. Ағаділов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол шекарадан қару өткізбек болғандар анықталғанын айтты.

«166 жағдайда әртүрлі калибрлі қарулар мен оқ-дәрілерді шекарадан заңсыз өткізу әрекеттері тоқтатылды. Бұдан бөлек, діни сипаттағы 3 335 кітап пен брошюра анықталып, сараптамаға берілді», - деді Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Ғ.Ағаділов сондай-ақ Қазақстанға заңсыз кіруге әрекет жасайтын шетелдіктер саны артқанын мәлім етті.