Шекара қызметі бір айда 1,3 мыңнан астам контрабандалық әрекетті анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан шекарасында қыркүйекте заңсыз тауар өткізуге қатысты 1 300-ден астам факті әшкереленді. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
— ҰҚК Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету аясында 2025 жылғы қыркүйекте құзырлы органдармен өзара әрекеттесе отырып, шекара кеңістігінде ел заңнамаларын бұзған 4 634 адамды ұстады, соның ішінде 3 954 шетел азаматы, — делінген хабарламада.
Мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1 349 фактісінің алды алынды, соның ішінде:
45 факті — қарулар мен оқ-дәрілер (1 дана жарақат, 2 дана пневматикалық, 54 дана суық қару, 12 дана «АК-74» шолақ автоматтары, 101 дана оқ-дәрі);
478 факті — сомасы 25 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалдары;
657 факті — сомасы 1,6 млрд теңгеден астам халық тұтыну тауарлары;
180 факті — сомасы 1,9 млрд теңгеден астам шетел валютасы.
Каспий акваториясында 103 браконьерлік фактілерінің алды алынды, сондай-ақ:
15 дана — жүзу құралдары;
ұзындығы 30 км асатын тор — браконьерлік аулау құралдары;
162 дана (643 кг) — бекіре тұқымдас балық;
— Алды алынған залал сомасы шамамен 258 млн теңге, — делінген хабарламада.
Бұл фактілер бойынша материалдар заң бұзған адамдарды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілді.
— Қытайда 1-3 қазан аралығында «ҚХР құрылған күні» және 6 қазанда «Күз ортасы мерекесіне» мерекелеуіне байланысты «Майқапшығай», «Бақты», «Достық», «Нұрлы жол» және «Көлжат» автокөлік өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарын өткізілмейді. Сонымен қатар, «Достық» және «Алтынкөл» теміржол өткізу пункттері тұрақты режімде жұмыс істейтін болады, — делінген ҰҚК Шекара қызметі таратқан хабарламада.
Мемлекеттік шекарада қандай да бір шектеу шаралары енгізілген жоқ.
Айта кетелік ҰҚК 12 өңірде арнайы шара жүргізіп, 62 қару-жарақ тәркілеген еді.