Шекара қызметінің бұрынғы директоры Н.Жоламановқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Әскери сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасы Астана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотының ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Айтманұлы Жоламановқа қатысты үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Бұл туралы ҚР Әскери сотының баспасөз қызметінен хабарлайды.

Н. Жоламанов пен Қ.Балмағамбетов ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, сауда құрылымдарының өкілдерінен заңсыз іс-әрекеттер үшін, яғни ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қажетті тауар, жұмыс және қызмет, мемлекеттік сатып алу жүргізу кезінде бопсалаушылық жолмен аса ірі мөлшерде ақшалай түрде пара алып отырған деп айыпталған еді. Жоламанов құрған және басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топ 2013 жылдың жазынан 2014 жылдың тамыз айы аралығында жалпы сомасы 173 181 750 теңге және 436 000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшаны пара ретінде алған.

Бірінші инстанциялы соттың 2015 жылғы 6 наурызда шығарған үкімі бойынша, Н.Жоламанов ҚР ҚК-нің 235-бабының 3-бөлімі, 366-бабының 4-бөлімі бойынша айыпты деп танылды. Ол өзінің иелігіндегі немесе жалпы ортақ иеліктегі үлесі болып табылатын мүлікті тәркілеумен бірге 11 жылға бас бостандығынан айырылып, оған өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметтегі жауапты және басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салу, мерзімін қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеу жазасы берілді.