Әскери заманауи «Семсер» кемесі 2 рангтегі қазақстандық кеме болып табылады, ол Орал қаласындағы «Зенит» зауытында «Барыс» жобасы бойынша құрастырылған. Кеме 2012 жылы мамыр айында теңізге түсірілді. «Семсердің» өз бетінше жүзу қашықтығы 1200 теңіз миліне жетеді, бұл дегеніміз 10 тәуліктен асады. «Барыс» жобасының ерекшелігі сол, мұнда климаттық жағдайлар, Каспий теңізінің ерекшеліктері ескеріліп құрастырылған.
Алдыңғы қатарлы шекара кемесіне ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз институтының түлегі - аға лейтенант Азамат Құнапиянов басшылық етеді. Ол «Семсер» шекара кемесінің ең алғашқы командирі болып табылады. Алғашқы күндерден-ақ аталған офицер жақсы нәтижелер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуге күш салып келеді.
«Семсер» кемесінің сақшылары өткен мерзім ішінде теңізге 25 рет шықты, яғни ол дегеніміз 100 тәулікке тең, кеме 9490 теңіз милін жүріп өтті. Әскери кезекшілікті атқару кезінде шекарашылар: 59 500 метр ау құралдарын, 175 мың метр каллад құралдарын, қармақтар, 745 астам бекіре және 28 бекіре тұқымдас балықтарды, ондаған итбалықтарды тордан босатып, теңізге жіберді, республикамыздың шекарасын бұзған бірнеше азаматты, теңізге заңсыз шыққан шағын жүзу құралдарын ұстады.
Қызметке деген зор жауапкершілік пен бірінші орынды жеңіп алуына байланысты аға лейтенант А. Құнапиянов және «Семсер» кемесінің экипажы ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Н.Жоламановтың атынан дипломмен және мақтау қағазымен марапатталды.
Шекара ведомствосының басшысы «Семсер» шекара кемесіне қашанда табыстарға қол жеткізіп, алдыңғы қатардан көріне берулеріне тілектестігін білдірді.