Шекара маңындағы 300-ге жуық ауылда мектеп жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық экономика министрлігі шекара маңындағы елді мекендерде 6 мектеп салынатынын мәлім етті.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

«Жергілікті атқарушы органдардың жедел ақпаратына қарағанда, қазіргі кезде 300-ге жуық шекара маңындағы ауылды елді мекен білім ошақтарымен қамтылмаған. Оның ішінде 6 ауылда мектеп салу жоспарланған», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – орта білім беру ұйымдарында авариялық мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. 2026 жылға дейін қалаларда және ауылдарда оқушы орындарының тапшылығын жабу үшін кемінде 740 мың (екі ауысымда оқыту) жаңа оқушы орнын пайдалануға беру қарастырылды.

Ұлттық жобаны іске асыру аясында орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі дирекция ретінде «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы айқындалған.