Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысындағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҰҚК басшысы Қазақстанның жақын көршілес мемлекеттерінде орын алуы мүмкін террористік қауіп-қатерлер ықтималдығы туралы айтып өтті. Шындығында, қазіргі күні оңтүстіктегі Өзбекстанмен шекараға баса назар аудару қажет секілді. Өйткені, бүгінгі күні бұл елдің шекарасы мығым, күзетілуі қырағы. Мәселен, Өзбекстаннан Қазақстанға қарай өтіп кетем деушіге көп проблема тумауы мүмкін, ал керісінше Қазақстаннан Өзбекстанға қарай өту үлкен проблема. Оның үстіне еліміздегі еңбек-мигранттарының басым бөлігі Өзбекстан жағынан келетіні анық. Бірақ, бұлардың есебі, тексеруден өтуі де толық әрі анық емес. Олардың арасында әлеуетті лаңкестер де болуы мүмкін ғой», деді сенатор.
Сонымен бірге, Қ. Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысындағы Өзбекстанмен шекаралас 700 мың халық қоныстанған үш ауданда ақпараттық қамтамасыз етудің төмен деңгейін сөз етті. Оның айтуынша, оңтүстіктегі Сарыағаш, Жетісай аудандарында отандық, мемлекеттік ақпараттан гөрі өзбек ақпаратына басымдық беріліп келеді екен. «Осы өңірлерде мемлекеттік телеарналар, содан таралатын ақпараттар мүлдем жеткіліксіз десе де болады. Ендеше, бұл өңірдің тұрғындары өзбекше ойлап, сол елдің саясатына икемделе бастайды деген сөз. Сондықтан да шекара маңындағы өңірлерді идеологиялық мәселеден алшақтатпауды, қайта өзіміздің ақпаратпен толық қамтамасыз етуді дұрыс жолға қою керек», деді депутат.