«Шекара шебін нығайту керек» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Назарбаев Университетінде Президенттің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін көрсететін «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» тақырыбына арналған «Бірінші Назарбаев оқулары» халықаралық форумы басталды. Оған Австралия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Германия, Венгрия, Италия, Испания, Қырғызстан, Ресей, Румыния, Сингапур, АҚШ пен Франция, тағы да басқа 51 елдің белгілі ғалымдары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуда. «Бірінші Назарбаев оқулары: «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деген тақырыппен берілген мақала: «Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтіп отырған форум аясындағы пікір алмасу алаңында дүние жүзі жұртшылығын алаң­да­тып отырған басты мәселелер, өзара ынтымақтастық пен бейбітшілік, ортақ құндылықтар туралы ойлар ортаға салынып, Қазақстанның қазіргі сыртқы бастамаларына қоса, заманауи мемлекеттің құрылысы, жа­ңа экономикалық модельдер, республиканың ин­но­вациялық дамуы сияқты бірқатар тақырыптар тал­қы­лануда», - делінген.

 

 «Fitch Ratings Халықаралық рейтинг агенттігінің біздің еліміздің егемен несиелік рейтингін көтеруі Қазақстанның несие қабілеттілік деңгейінің өсуіне берілген оң баға болып табылады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ел рейтингі көтерілді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, осылайша, Қазақстанның эмитент дефолтының ұзақ мерзімді рейтингі (ЭДР) шетелдік валютада «ВВВ»-дан «ВВВ »-ке дейін, ал эмитент де­фол­ты­ның ұзақ мерзімді рейтингі ұлттық валютада «ВВВ »-тен «А-»-ке дейін жоғарылатылды. Сондай-ақ агенттік «елдік рейтинг төбесін» «ВВВ »-тен «А-»-ке дейін және Қазақстанның ЭДР-ын шетелдік валютада «F3»-тен «F2»-ге дейін жоғарылатты. Fitch әдістемесіне сәйкес, бұл елдің қаржылық міндеттемелерді уақтылы орындау тұр­­ғысындағы сенімділігі өсті, ал мемлекет эко­номикасы қысқа мерзімді перспективада болуы мүмкін теріс өзгерістерден онша зардап шекпейтін болды дегенді білдіреді. Осы көрсеткіш бойынша республика өзінің Кеден одағы бойынша жетекші сауда әріптесі - Ресей Федерациясын басып озды.

***

Шығыс Қазақстан облысы активінің кеңейтілген отырысында Қытаймен шектесіп жатқан елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, сол арқылы елді қоныстандыру үшін бюджет есебінен 30 млрд теңге жұмсалатындығы айтылыпты. Бұл жайында «Айқын» газетінің жұма күнгі санындағы «Шекара шебін нығайту керек» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, бұрынғы Марқакөл ауда­нында халық саны Күршімге қосылмай тұрғанында 23 мыңның үстінде болған. Қазір соның 10 мыңы ғана туған жерде тү­тін түтетіп отыр. Алматыға қоныс аудар­ған 1 мың отбасының әрқайсысында орташа есеппен 5 адамнан бар десек, онда алып шаһарда 5 мыңға жуық мар­қа­көлдік ағайын тұрып жатыр. Тарбағатай ауданы Ақсуатқа қосылды да атауы қалғанмен, басқарушы органдар Ақсуатқа орналастырылды. 2009 жылғы халық санағы бойынша ауданда 47 100 адам болса, 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап 44 745-ке жуық тұрғын өмір сүріп жатыр. Демек, айналдырған 3 жылдың ішінде 2 мыңнан артық адам басқа жаққа қоныс аударған. Шекаралық аудандар тараған кезде Тарбағатай ауданының бір өзінен 28 мың адам атамекенін тастап кеткен. «Шекара мәселесіндегі Шығыстан қоз­ғалған сеңнің екпіні Парламентке де се­зілді. Мемлекеттік шекара туралы Тәуел­­сіздіктің алғашқы жылдарында қа­был­­данған заңдағы нормаларды маман­дар бүгінгі заманның ағымына жарамайды деп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде шекараға қойылатын бүгінгі талап та, бүгінгі қа­тер­дің де жөні мүлдем бөлек екені айтпаса да түсінікті», - деп жазады мақала авторы.

 

Осы басылымның спорт айдарында «Қара маржан қатырды» деген тақырыппен берілген ақпаратта Беларусь елінің астанасы Минск қаласында конькиден жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының тұсаукесер кезеңінде жерлестеріміздің екі  алтын медальді қанжығаға байлағандығы жайында айтылған. «Оның екеуі де Дарсиль Эс­самамбоның еншісінде. Қа­зақстанның туы астында өнер көрсетіп жүрген 17 жа­сар қара маржан 500 және 1500 метрлік қашықтықта алдына жан салған жоқ. Шешуші тұста ол ресейлік Денис Бутаков пен норве­гиялық Симен Нильсеннен озды», - деп жазады басылым. Естеріңізге сала кетейік, Дарсильдің әкесі Конго елі­нің азаматы. Анасы Алмажан қазақтың қызы. Спорт­шының өзі Алматыда туып-өсіп, осындағы орта мектеп­тердің бірінде оқиды. Эс­самамбоның қос алты­нының арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Біз­дің алдымызда тек Голландия мен Австрия конькишілері.

***

«Мектепте бала оқытып, білім бергені үшін жалақы алатын ұстаздардың бала оқытқаннан бөлек «барып кел, шауып келдің» күйін кешіп жұмыс істейтінін бәріміз де білеміз. Концерт болса адамның санын көбейтуге, сенбілік болса қара жұмысқа «жегілетін» ұстаздардың бүгінгі сыйқы осындай. Алайда күні кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Есеп берудің орнына ұстаздарға білім беруге, ал дәрігерлерге халықты емдеуге мүмкіндік беру керек», дегенді айтқан еді. Бірақ бұл жолы ұстаздарымызды сабақ болмаса есеп беріп жатқан жерінен емес, еден жуып жүрген жерлерінен көрдік!», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Ұстаз мәртебесін көтеру еден жуудан басталмақ па?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Алматы қаласындағы Алатау ауданында бірнеше жаңа мектеп бой көтеріп, жуырда ашылады екен. Құрылыс жұмыстары аяқталып, құрылыс материалдарынан қалған қалдықты сол аудан мектептерінің мұғалімдері сыпырып-сыйдырып, суық сумен жуып жүр. 


                                                                                      * * *

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында халық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ Қа­зақ­стан мен БҰҰ-ның ынты­мақ­тас­ты­ғын одан әрі тереңдету келешегі қаралды. Мемлекет басшысы әлем­де­гі шиеленістердің келіс­сөз­дер жо­лы­мен шешілуі қа­жет­тігіне тоқ­тала келе, бұл ретте БҰҰ-ның маңызды рөл ат­қаруы керектігін атап өтті. Осы орайда, Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі кон­­­­ференциясының қазіргі қыз­­ме­ті туралы айтты және яд­ро­лық қаруға тыйым салу мен яд­ро­лық арсеналды қысқарту үде­рісіндегі Қазақстанның жетекші рөлін атап көрсетті. БҰҰ Бас хатшысының орын­­басары Нұрсұлтан Назар­баевты Астанада ЭКСПО-2017 көр­ме­сін өткізу туралы Халық­аралық көр­мелер бюросы мү­шелерінің шешімімен құт­тық­тады.

***

«Қырық аттас». Дәл осы тақырыппен «Экспресс К» газетінде жарық көрген мақалада Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында қазақстанның Тұңғыш Президенті құрметіне орай Нұрсұлтан деген атты иеленген 40-тан астам азамат тұратындығы жайында баяндалған. Ең кішкентай теректілік Сабырлы Нұрсұлтан Дәуренұлы 2009 жылы желтоқсанда дүниеге келген. Қазіргіуақытта ата-анасымен Федеровка аудан орталығында тұрып жатыр. Ал Ахметжанов Нұрсұлтан Әбішұлы бесте. Айта кетерлігі ол сабағын тек үздік оқуды армандайды. Құлниязов Нұрсұлтан Назарбайұлы болса тауяда ғана туған аулы Теректіге әскерден кейін оралды.