Айта кетейік, Е. Саиров атажұртқа ораламын деп келген жалғызілікті анаға қолдау көрсетуде. Осы мәселеге қатысты 23 мамыр күні арнайы баспасөз мәслихатын да өткізген болатын.
«Өскеменде сот отырысы өтеді. Адвокаттар арқылы кеше ҚР Бас прокуратурасына осы тергеуші органдардың, оның ішінде кеден қызметі мен шекарашылардың заңсыз әрекеттері жөнінде арыз-шағым кіргіздік. Енді ары қарай Бас прокуратураның өкілдерімен жұмыс істейтін боламыз. Өйткені бұл жерде шекарашылар мен кеден қызметкерлері заңды белден басып жіберген. Біз адвокаттармен бірігіп, құжаттардың барлығын Бас прокуратураға кіргіздік. Ары қарай енді қадағалап отырамыз», - деді белгілі қоғам белсендісі Ерлан Саиров «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын БАҚ беттерінде Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан ауданының «Майқапшағай» кеден бекетінен Қазақстанға Қытайдан көшіп келе жатқан жесір ананың 59 900 АҚШ долларын шекарашылар тәркілеп алғандығы хабарланған болатын. Күйеуінен ерте жесір қалып, екі баласын жалғыз өсіріп келген Гүлжан Мәуітхан Қытайдағы өзіне тиесілі үйі мен бар дүние-мүлкін сатып, ол ақшаға Астана қаласынан үй алуды көздеген екен.