Шекарада есірткімен 61 жастағы қарт ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресей шекарасында үш килограмға жуық героинды жасырын алып өтпек болған азамат ұсталды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Нақтырақ айтсақ, «Солтүстік» өңірлік шекара басқармасына қарасты «Ауыл» (автомобильді) шекаралық-бақылау бөлімшесінің бақылаушылары ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, кешенді жедел-іздестіру шараларын өткізді. Оның барысында Қазақстаннан Ресей Федерациясына есірткілік зат өткізбек болған 61 жастағы ресейлік азамат ұсталды.

Жан-жақты ойластырылып, кәсіби тұрғыда пысықталған іс-қимылдың нәтижесінде «Дея» атты иттің көмегімен Семей қаласынан ресейдің Рубцовск қаласына кетіп бара жатқан «БМВ» автомашинасын қарау кезінде 2 килограмм 800 грамм героин табылды.

Есірткі машинаның жанармай багына жасырылған болып шықты. Порошоктың түсіне ұқсайтын есіркілік зат 7 пластикалық құтыға салыныпты.

Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.