Шекарада есірткі тасымалдау күдігімен әнші NAVAI ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Әнші есірткі контрабандасымен айналыспақ болды деген күдікке ілінген. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: oblakouz.uz

Полицияның мәліметінше, сахнада NAVAI лақап атымен танымал шетелдік азамат 13 қазанда Қазақстанға кірмек болған кезде Қордай шекара бекетінде тоқтатылған. Оны полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп ұстаған.

Полицияның мәліметінше, әртіс мінген көлікті тінту кезінде есірткі табылып, тәркіленген. Рэпердің нақты не және қанша мөлшерде алып жүргені әзірге құпия болып отыр.

Есірткі контрабандасымен айналыспақ болды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Полиция Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, қосымша мәліметтерді жарияламайтынын мәлімдеді. 

Бұған дейін Ақтөбеде рэпер Қаракесектің ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Полицияның мәліметінше, орындаушыны тінту кезінде синтетикалық есірткі салынған пакет табылған.

Сонымен қатар, Астанада Telegram арқылы есірткі сатқан топ мүшелері сотталды.