Шекарада шешілмеген мәселелер баршылық - БҚО мәслихатының депутаттары
Ресеймен арадағы шекара бекеттері арқылы облыс аумағына 2010 жылы екі миллионға тарта, 2012 жылы үш миллионнан астам адам өткен. Облыстық мәслихат депутаты Амангелді Таспиховтың айтуынша, Ресей шекарасынан жолаушылар құжат рәсімдеу, жүк тексерісінен 15 минутта өтеді. «Ал біздің шекара бекеттерінде сағаттап кезекте тұруға мәжбүрміз. Бекеттерде әйелдерге, балаларға қарапайым жағдай жасалмаған. Шекара қызметіндегілер бұл нысанды қарауымызға алғанымызға үш жыл, 2020 жылға дейін шекара қызметін дамыту жөніндегі бағдарлама бойынша инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізіледі деген уәж айтады. Инвестициялық тартымдылылықты жоғалтып жатырмыз», - деді депутат. Сондай-ақ сессияда шекара бекетіне қатысты туындаған тағы бір мәселенің ұшы көрінді. Депутат Ескендір Елемесовтің айтуынша, ресейліктер Украинадан Беларусь арқылы мал етін облыстың шекарасына әкеп, жергілікті делдалдарға тапсырады да, олар өз кезегінде шекарашылардың көмегімен еш қиындықсыз ішке алып өтеді. Өнімдердің сапасы күмәнді, оларды ешкім тексермейді. Самара, Жәнібек және Астрахан мен Тасқала бекеттері арқылы сырттан тасымалданатын еттің көптігі жергілікті өндірушілердің жұмысына қиындық тудыруда. Халық қалаулылары Қатауолла Ашығалиев, Вячеслав Дружинин шекарадан өтудің қиындығына байланысты нақты фактілерді алға тартып, жөнсіздік пен ретсіздіктің шекарашылардың өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарауынан десті. 2029-әскери бөлімшесі командирінің орынбасары Григорий Шелестов қалыптасқан жағдайды орталықтан қаржының бөлінбеуімен, шекарашылар санының аздығымен, қосымша штаттар ашу мәселесінің әлі шешілмеуімен байланыстырды. Оның жауабына қанағаттанбаған депутаттар мәселені алдағы сессияда жан-жақты қарауға келісті. Сондай-ақ депутат Аманжол Зинуллин Орал қаласының бас жоспары жөнінде депутаттық сауалын жолдады.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшардың хабарлағанындай, 2012 жылы 44 мәселені қараған облыстық мәслихаттың бес сессиясы өткен. Тұрақты комиссиялардың 28 отырысы өткізіліп, онда 117 мәселе талқыланған. Халық қалаулыларының бастамасымен ауылды дамыту, аграрлық саясат және жер қатынастары бойынша тұрақты комиссияда маңызды және жергілікті су қоймаларын тиімді пайдалану, ұйымдастыру, құқықтық мәселелер, мәдениет және спорт бойынша тұрақты комиссияда облыста бұқаралық спортты дамыту жайында екі қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған. «Нұр Отан» партиясының мүше-депуттары 100-ден аса қоғамдық қабылдау өткізіп, қабылданған 293 арыздың 48-інің оң шешім табуына жұмыстанған.
Сессияда Теректі ауданының Придорожный селолық округін тарату және оның аумағының бағыныстылығын осы ауданның Богданов селолық округінің құрамына енгізу, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға және мал шаруашылығы өнімділігін, сапасын арттыруды субсидиялау мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның құрамы туралы» мәселелер қаралып, мақұлданды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов сессияда қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқтала келіп, атқарушы және өкілетті органдардың байланысын нығайта отырып, өңірді дамыту жолындағы мәселелерді бірлесіп шешетіне сенім білдірді.