Шекарада тағы да ұзынсонар кезек: Ақтөбеде полиция бақылауды күшейтті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Жайсаң» шекара бекетінде 50 жеңіл, 100-ден астам жүк көлігі тұр. Полиция қазір көліктердің жүрісін бақылап, құқықтық кеңес беріп жатыр.
Қазақстан-Ресей шекарасындағы бекетте тағы да кезек көбейді. Маусымда басталған жағдай әлі ретке келмеді. Шілде айының алғашқы күні де кезек толастамады.
— «Жайсаң» өткізу пунктінде 100-ден астам жүк көлігінің жиналғаны байқалады. Аталған жағдайдың туындауына осы учаскеде енгізілген жаңа талаптар себеп болды. Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік ағынын реттеу жұмыстарын жүргізіп, шекарадан өту ережелеріне қатысты құқықтық кеңес те береді. Жүргізушілерден сабыр сақтауды, белгіленген тәртіп пен полиция қызметкерлерінің нұсқауларын қатаң сақтауды сұраймыз. Аталған уақыт аралығында қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ, — деді Мәртөк аудандық ПД бастығы Нұрлан Таушанбаев.
Еске салсақ, мамыр айының соңында облыстық кәсіпкерлер палатасына бір аптада 200-ден астам шағым түскен. Шекарадан өтетін жүргізушілердің мәселесін шешу үшін жиын өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департаменті көшпелі мониторинг өткізді. Ал Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «Жайсаң» шекара бекетіндегі жол құрылысы уақытша тоқтатылып, жүргізушілер электронды талон алуға машықтанғанын айтты. Арада бір ай өткенімен жағдай өзгермей тұр.