Нақтырақ айтқанда, Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Әлімбет авто» өткізу-бақылау бекетінің шекара жасағы 40 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Ұсталған азамат «Газ» автокөлігімен 750 литр болатын «Кристалл» арағын Ресейге заңсыз алып өтпек болғанда ұсталды. Тексере келгенде жалпы құны жарты миллион теңге болатын алкоголь өнімдерінің құжаттары болмай шықты.
Осы секілді, 28 тонна пияз артқан 56 жастағы Қазақстан азаматы Қазақстан-Ресей шекарасын құжатсыз өтпек болған жерінде кідіруіне тура келді. Аталған жүктің жолын «Жайсаң авто» бекетінің шекарашылары бөгеді.
Сонымен бірге Орал шекара отрядына қарасты «Шаған авто» өткізу-бақылау бекетінің шекарашылары Ресей Федерациясына «Газель» автокөлігімен кетіп бара жатқан 29 жастағы қазақстандықты ұстады. Тексеру кезінде аталған көліктің ішінен құжаты жоқ бір тоннаға жуық теңіз шаяндары табылды. Аталған жүк Орал ауданаралық балық инспекциясына берілді.
Барлық аталған деректер бойынша құқық қорғау органдары хабарландырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.