Биыл форум Қазақстан мен тағы 39 мемлекеттен келген өкілдердің басын қосты. Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, көлік-логистикалық компаниялар мен салалық бірлестіктерінен 2 мыңға жуық адам қатысты.
Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалын цифрландыру
Форумда Қазақстанның көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов халықаралық жүк тасымалын жеделдету үшін елдер арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдету қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бүгінде жүктердің кешігуіне құжаттарды рәсімдеу мен ақпарат алмасуға кететін уақыт та әсер етеді.
– Бүгінде жүк тасымалы көбіне құжаттардың рәсімделуін күтіп кешігеді. Контейнерді әрі қарай жөнелту үшін тиісті растау немесе жүк туралы ақпарат қажет болады. Әр шекара мен портта бір мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Мұның бәрі уақыт жоғалтуға және кәсіпкерлер шығынының артуына әкеледі, - деді вице-министр.
Осы мәселені шешу үшін Қазақстан халықаралық серіктестерге үш бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.
Біріншісі – Қытайдан Еуропаға дейінгі бүкіл бағытта электронды құжаттарды өзара тану және көлік деректерін ортақ стандарттарға сәйкестендіру. Бұл ретте әр мемлекет өз деректерін өзі сақтайды, бірақ жүктің қозғалысы туралы қажетті ақпарат тасымалға қатысушыларға қолжетімді болады.
Екіншісі – жасанды интеллект негізіндегі дайын шешімдерді өзара бөлісіп, оларды халықаралық көлік дәліздерінің нақты учаскелерінде бірлесіп сынақтан өткізу.
Үшінші бағыт шекарадағы рәсімдерді үйлестіруді, тәуекелдерді бағалаудың ортақ тәсілдерін әзірлеуді және жүкті жеткізу жылдамдығын арттыруды қамтиды.
Жәнібек Тайжанов бірде-бір ел халықаралық көлік дәлізін өз күшімен толық цифрландыра алмайтынын атап өтті. Сондықтан Қазақстан серіктес мемлекеттермен бірге бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыруға дайын екенін жеткізді.
Цифрлық Жібек жолын қалыптастыру мәселесі
Халықаралық көлік дәліздерін цифрландыру мәселесіне Еуразиялық экономикалық комиссияның көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Кожошев те тоқталды. Ол қазіргі халықаралық тасымалда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың маңызы артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын Ұлы Жібек жолы елдер арасындағы сауда мен экономикалық байланыстың дамуына жол ашты.
– Ендігі міндет – осы тарихи бағыттың заманауи цифрлық үлгісін қалыптастыру. Бұрын тауар керуенмен тасымалданса, қазір жүк тасымалын ұйымдастыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кеңінен қолданылып келеді. Бірақ негізгі мақсат сол күйінде қалды. Ол — жүктердің кедергісіз, уақытылы әрі тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, - деді Арзыбек Кожошев.
Өз кезегінде Чехияның көлік министрі Иван Беднарик те «Цифрлық Жібек жолын» қалыптастыру керегін айтып, оны дамытуда үш мәселеге назар аудару қажет екенін айтты.
– Біріншіден, шекарааралық жүк тасымалының барлық кезеңін қамтитын пилоттық жобалар іске асырылуы тиіс. Екіншіден, елдер арасында қауіпсіз әрі өзара үйлесімді деректер алмасу жүйесін қалыптастыру қажет. Үшіншіден, мемлекеттік органдар, тасымалдаушылар, логистикалық компаниялар мен технология жеткізушілері бірлесіп жұмыс істеуі керек, - деді спикер.
Электронды құжаттар: Қазақстан қандай елдермен жұмыс істеп жатыр
Форумда халықаралық жүк тасымалына электронды құжаттарды енгізуге қатысты бірнеше жаңалық айтылды. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Кожошев бүгін Қазақстан мен Ресей арасында электронды жүкқұжат пайдаланылатын алғашқы тасымалды сынақтан өткізу жоспарланғанын мәлімдеді.
– Автомобиль көлігі саласында электронды CMR жүкқұжаттарын қолдану бағытында белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бүгін форум аясында түстен кейін Қазақстан мен Ресей арасында цифрлық құжат пайдаланылатын алғашқы тасымалды сынақтан өткіземіз, – деді ол.
Электронды CMR жүкқұжаты халықаралық автомобиль тасымалына қатысты мәліметтерді цифрлық форматта рәсімдеуге арналған. ЕАЭО елдері қағаз құжаттарды электронды нұсқаға ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазақстан мен Түркия арасында да осы бағытта нақты қадам жасалған. Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Осман Бойраз екі елдің ынтымақтастығы нәтижесінде транзиттік тасымалға арналған электронды рұқсат құжаттары қолданысқа берілгенін айтты.
– Қазақстанмен осы саладағы ынтымақтастығымыздың нақты нәтижесі ретінде транзиттік тасымалдауға арналған электронды рұқсат құжаттары тасымалдаушыларға қолжетімді болды, - деді Осман Бораз.
Оның айтуынша, Түркия халықаралық автомобиль тасымалында электронды рұқсат беру жүйесін Өзбекстанмен де іске қосқан. Қазір бұл тәжірибені басқа мемлекеттерге кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жасанды интеллект көлік саласында қалай қолданылып жатыр
Қазақстанның Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов форумда жасанды интеллектіні көлік саласына енгізуге арналған жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, министрлік көліктің әртүрлі түрі бойынша жаңа технологияларды қолдану жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның бірі – автомобиль жолдарындағы қозғалысты талдау.
Министрлік Presight компаниясымен бірлесіп жүргізген пилоттық жоба барысында 412 миллион көлік жүрісі туралы дерек өңделген. Нәтижесінде жүк көліктеріне белгіленген мөлшерден артық жүк тиелген 2 миллионнан астам жағдай анықталған.
Сондай-ақ Қазақстанда Smart Cargo жүйесі дамытылып жатыр. Оның аясында QR-код пен тасымалдаудың цифрлық паспорты енгізілген.
Дамир Қожахметовтың дерегінше, бүгінге дейін 11 мыңға жуық цифрлық паспорт рәсімделіп, 15 мыңнан астам көлік пен тасымалдаушы тіркелген.
Авиация саласында да цифрлық технологияларды қолдану жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, әуе бағыттарының өзгеруін нақты уақыт режимінде бақылау мәселесіне назар аударылған.
Ал Жәнібек Тайжанов жасанды интеллектінің халықаралық жүк тасымалын жоспарлаудағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект жүк тасымалындағы кідірістерді алдын ала болжауға, инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және туындауы мүмкін қауіптерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда Smart Data Transport салалық деректер платформасы дамытылып жатыр. Оған көлік саласындағы бірқатар ақпараттық жүйе қосылған. Жаңа дереккөздерді біріктіру жұмыстары жалғасуда.
ЕАЭО-ның 2027–2029 жылдарға арналған жол картасы
Форумда Еуразиялық экономикалық одақтың алдағы жылдарға арналған жоспарлары да таныстырылды. Еуразиялық экономикалық комиссия өкілі Арзыбек Кожошевтің айтуынша, ЕАЭО-ның 2027–2029 жылдарға арналған көлік саясатын іске асыру жөніндегі жол картасына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту шаралары енгізілген.
– Біз 2027–2029 жылдарға арналған жол картасының жобасын әзірлеуді және келісуді аяқтап жатырмыз. Оған көлік саласында цифрлық және интеллектуалды технологияларды дамытуға, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған бірқатар шара енгізілді. Бұл нақты орындалу мерзімдері мен күтілетін нәтижелері көрсетілген құжат болады, - деді Арзыбек Кожошев.
Сонымен қатар ол ЕАЭО елдері арасында көлік бақылауының нәтижелері туралы ақпарат алмасу жүйесі дамытылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан да жақын арада осы жүйеге қосылатын болады.
Осылайша, New Silk Way форумында халықаралық жүк тасымалын цифрландырудың бірнеше бағыты талқыланды. Қазақстан мен серіктес мемлекеттер электронды құжаттарды қолдануды кеңейтуге, ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыруға және жасанды интеллектіні көлік саласына енгізуге басымдық беріп отыр. Форумда көтерілген бастамалардың негізгі мақсаты – шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету, жүк тасымалына кететін уақытты қысқарту және халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру.
Айта кетейік, бұған дейін жолаушы және жүк тасымалының көрсеткіштері қалай өзгергені туралы хабарланды.