Шекарадағы ұзынсонар кезек: Антикор көшпелі мониторинг өткізді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» шекара бекетінде әлі де ұзынсонар кезек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департаменті көшпелі мониторинг өткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Талғат Башев Мәртөк ауданындағы «Жайсаң» өткізу пунктіне барды. Көшпелі мониторингке әкімдік, көлік прокуратурасы, мемлекеттік кірістер органдары, ҰҚКД шекара қызметі және ішкі істер органдарының өкілдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыс бойынша департамент басшысы Талғат Башев азаматтар мен бизнес өкілдерінің, оның ішінде шетел азаматтарының мүддесіне тікелей әсер ететін жағдайды шұғыл шешуді ұсынды. Біріншіден, жол жөндеу жұмыстары аяқталып, өткізу пунктінің инфрақұрылымы жаңартылғанға дейін электронды кезек жүйесін уақытша тоқтата тұру мүмкіндігін қарастыру қажет. Оның орнына брондаудың икемді тетігін енгізу және электронды кезек жүйесінің жұмыс істеу тәртібін жетілдіру керек. Екіншіден, өткізу бекетінің санитарлық жағдайларын реттеп, ақпараттық тақталар және басқа да қажетті элементтерді іске қосу ұсынылды. Үшіншіден, облыстық полиция департаментіне қосымша күштерді тарту арқылы «Жайсаң» өткізу бекетінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ұсынылды,- деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департаменттің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, облыстық кәсіпкерлер палатасына бір аптада 200-ден астам шағым түскен. Шекарадан өтетін жүргізушілердің мәселесін шешу үшін жиын өтті.