Шекарадан есірткі асырмақ болғандар ұсталды - ҚР ҰҚК ШҚ
Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Дәл осыған ұқсас жағдай Қордайда да орын алды. ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты Қордай шекара отрядының «Қордай авто» көліктік шекара бақылау бөлімшесінде кеше (19.10.15) кешкі сағат 17.45-те шекара нарядының арнайы үйретілген қызметтік итінің көмегімен көрші елден Қазақстан аумағына қарай жаяу өтіп келе жатқан Алмазбек есімді 1967 жылы туған қырғыз азаматы ұсталды.
Аталған азаматтың шалбарының қалтасынан кептірілген өсімдік тектес зат табылып, оның «гашиш» есірткісі екендігі анықталды. Айғақ зат иесімен бірге Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің есірткімен күрес қызметкерлеріне тапсырылды.
Естеріңізге сала кетелік, ҚР Ішкі істер министрлігінің басқаруымен 2015 жылдың 29 мамырынан бері өткізіліп келе жатқан заңсыз есірткі айналымымен күрес, есірткі дайындаудың, жинаудың және тасымалдаудың жолын кесу, есірткі құрамдас өсімдіктерді өсіруге, күтіп-баптауға, құрамында есірткі бар, психотропты заттарды, шикізаттарды контрабандалауға қарсы бірлескен оперативті алдын алу шараларына Шекара қызметі де тартылған.
Бірлескен шаралардың басынан бастап күні бүгінге дейін 113 адам ұсталды. Олардың 55-і біздің елдің азаматтары, 17 адам ресейліктер, 1 адам өзбекстандық, 32-сі Қырғыз Республикасынан және Тәжікстаннан - 8 адам.
Тәркіленген заттар:
Героин - 83 кг 502 гр 892 млгр.
Марихуана - 1 кг 325 гр 897 млгр.
Кендірқурай ұрығы - 2 грамнан астам.
Гашиш - 6 кг 873 гр 985,11 млгр.
Жабайы кендірқурай - 3 227 кг 200 гр
Жойылған кендірқурай алқабы - 0,97 га (50х60 м; 72х93 көлемінде 2 алқап).