Шекараларды жабу Эболадан құтқармайды — ДСҰ басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының өршуіне қарсы күресте шекараларды жабу тиімсіз шара деп санайды, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

Фото: Report

ДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус кіруге шектеулер инфекцияның таралуын уақытша ғана баяулатуы мүмкін екенін және Эбола вирусының таралу проблемасын шешпейтінін мәлімдеді. Ол ұйым Эбола індетіне байланысты шекараларды жабуды ұсынбайтынын атап өтті.

Гебрейесустың айтуынша, мұндай шаралар тек қысқа мерзім әсер етіп, бірнеше күнге ғана созылуы мүмкін, бірақ аурудың таралуын тиімді түрде тоқтата алмайды. 
ДСҰ Эбола вирусымен күресудің ең тиімді жолы санитарлық шараларды жедел енгізу, медициналық бақылауды күшейту және індет таралған аймақтарға жедел көмек көрсету болып қала береді деп санайды.

ДСҰ басшысының мәлімдемесі бірқатар африкалық елдің шекаралық бақылауды күшейту туралы шешімдері аясында жасалды. 27 мамырда Уганда билігі Эбола вирусының таралу қаупін азайту үшін Конго Демократиялық Республикасымен шекарасын уақытша жабатынын жариялады. Руанда да шекарасын жауып тастады, ал Замбия шекара өткелдерінде күшейтілген медициналық тексеруді енгізді.

Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Эбола індетінің жаңа өршуіне байланысты жағдайдың өте қиын екенін мәлімдеді. Вирустан күдікті өлім саны 220 адамға жетті, ал расталған жағдайлардың жалпы саны 900 адамнан асты.