Шекаралас аумақтарға шетелдік байланыс операторлары заңсыз еніп отыр

None
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Еліміздің шекаралас аумақтарына шетелдік байланыс операторлары заңсыз еніп отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің атына сауал жолдаған Ерсұлтан Бектұрғанов осы мәселені көтерді.

Депутатың айтуынша, «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес радиожиілік спектр байланыс саласындағы ұлттық ресурс болып табылады. Заңнамада көрсетілгендей, мұндай ресурс шектеулі және оны тек ақылы негізде ғана пайдалануға болады. Ал радиожиілік спектрін негізінен қазақстандық заңнамаға сәйкес республика аумағында өз қызметін көрсету үшін тиісті лицензия және рұқсат алған байланыс операторлары ғана қолдана алады.

«Өкінішке орай, еліміздің шекаралас аумақтарындағы көрші елдердің операторлары қазақстандық байланыс операторлары жұмыс істеуге тиіс жиіліктерде ондаған шақырымға кіріп, Қазақстан аумағында заңсыз жұмыс істейтіні анықталып отыр. Шетелдік операторлар лицензиясыз, радио электрлік құралдарды қолдану жөніндегі қандай да бір рұқсатсыз жұмыс істеуде. Олар радиожиілік спектрін қолданғаны үшін ақы төлемейді, қазақстандық байланыс операторларының қызмет көрсету сапасын төмендетіп, кедергі жасайды», - дейді депутат Е. Бетұрғанов.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде 25 миллионнан астам ұялы абоненттер бар болса, олардың шекара аумақтарында мәжбүрлі түрде роумингке көшуіне байланысты шетелдік операторларға кететін шығындарды есептеу қиындық туғызбайды.

«Шекарадағы мұндай жағдай мемлекетімізге ауқымды экономикалық залалмен қатар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ радиожиілік спектрге жататын оның негізгі стратегиялық ресурстарын қорғауды бұзып отыр. Төтенше жағдайларда немесе жедел-іздестіру қызметі шеңберінде республиканың шекараға жақын аумақтарында байланыс желілерін басқару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайға жол бермеу және бұндай заңбұзушылықты жедел тоқтату керек деп есептейміз. Мәселен, Еуропалық одақтың кез келген елінің шекарасынан бір метр өткеннен кейін, келесі елдің операторы автоматты түрде қосылады. Бұндай тәжірибені бізде де қолдануға болады», - дейді Е. Бектұрғанов.