Шекарамаңы өңірлерде жерді заңсыз беру фактілері анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Шекарамаңы өңірлерде жер учаскелерін заң талаптарын бұза отырып беру фактілері анықталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
- Бірқатар шекарамаңы өңірінде жер учаскелерін заңнама талаптарын, оның ішінде 100 метрлік шекара белдеуі шегін бұза отырып беру және пайдалану фактілері анықталды. Оларды құқық иеленушілердің ерікті түрде бас тартуын, жалдау келісімшарттарын сот тәртібімен даулау, өтемақы төлей отырып сатып алу және мәжбүрлеп иеліктен шығаруды қоса алғанда мемлекет меншігіне қайтару шаралары қабылданып жатыр. Ең ауқымды заң бұзушылықтар Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Абай және Жетісу облыстарында анықталды, - Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің дерегінше, кейбір өңірде заң бұзушылықтар жойылса, енді бірінде жерге орналастыру жобаларын рәсімдеу, сот рәсімдерін жүргізу және өтемақыны қаржыландыру мәселелерін шешу кезеңінде жұмыс жалғасып жатыр.
- Жамбыл облысында жер учаскелерін өтемақы төлей отырып, сатып алу жүзеге асырылуда. Ал Түркістан облысында кейіннен мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін жерге орналастыру жобалары дайындалды. Алматы облысында учаскелердің бір бөлігі қайтарылып, қалғандары бойынша қайтару рәсімдері жүргізілуде, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Балқаш жағалауындағы жер учаскесі мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.