Шекараны заңсыз кесіп өткен РФ-ның 36 жастағы азаматшасы ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе станциясындағы ішкі істер желілік басқармасының Жайсан станциясындағы желілік полиция бөлімі басқа да құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлерімен бірлесіп, «Алматы-Москва» бағытындағы жолаушылар пойызында Ресей Федерациясының азаматшасын ұстады, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

Құжаттарды тексеру барысында 36 жастағы әйел 2012 жылғы 23 сәуірде 48 жастағы немере әпкесінің атына Қазақстан Республикасынан берілген жеке куәлікті көрсеткен. Оның ҚР ҚК-нің 330-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын әдейi заңсыз кесіп өткендігі анықталды.

Ұсталған азаматша Алматы станциясынан Орал станциясына дейін осы құжатпен жүріп бара жатқандығын айтқан.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлері көші-қон заңын бұзу бойынша 35 қылмыстық іс қозғаған, оның 14-і Мемлекеттiк шекарадан әдейi заңсыз кесіп өтуге қатысты (ҚР ҚК 330-бабы).