Шекарашы өнертапқыштығы үшін мерзімінен бұрын «майор» шенін алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекарашылар күні қарсаңында «Дархан» заставасының бастығы капитан Фархад Какимов ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметі директорының қолынан мерзімінен бұрын «майор» шенін алды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Әскери атақ оған үздік қызметі үшін ғана емес, сонымен бірге өнертапқыштығы үшін де беріліп отырғандығын атап өту керек. Д. Какимов шекара отрядының аумағында қолдан жасалған дабылдатқыш құрылғы ойлап тапқан.

«Соңғы жылдары мемлекеттік шекараны қорғаудың сапасын арттыру үшін бірнеше маңызды шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда шекара бұзушыларды ұстауға қазіргі заманға сай орнатылған техникалар көп көмегін тигізіп жүр. Сонымен қатар шекарашылардың өздері де өнертапқыштық көрсететін сәттер кездеседі. Олардікі де ғалымдардың ойлап тапқандарынан кем түспейді. Сарыағаш шекара отрядының аумағында қолдан жасалған дабылдатқыш құрылғының көмегінің арқасында шекара бұзушы ұсталды. Құрылғының қызметімен танысу үшін біз «Дархан» заставасының бастығы капитан Фархад Какимовқа жолықтық. Оның өнертапқыштығы таңқалдырды. Мұнда ешқандай да микрочиптер жоқ, барлығы да қарапайым ғана жасалған. Бар-жоғы екі қазық қағылып, ортасына жіп керілген, оған велосипедтің қоңырауы орнатылған», - делінген хабарламада.

«Бұл құрылғыны біз негізінен кешке қарай немесе түк көрінбейтін кездерде, онда да осы жерден өтуі мүмкін-ау деген аймаққа орнатамыз. Із кесу жолағынан өткен шекара бұзушы осы жіпті аяғы іліп кетеді де, қоңырау ойнап шыға келеді», - дейді өнертапқыштың өзі оны таныстыра отырып. - Осының арқасында біз 4 бірдей шекара бұзушыны ұстадық».

Осылайша бұл маңнан шекара бұзушылар да азая түсуде. Капитан Какимов шекара қызметінің өмірімен кішкентай кезінен бастап таныс. Өйткені ол Шығыс Қазақстан облысының шекара түбіндегі Мақаншы аулында туылған. Шұғыл қызметті Үшарал шекара отрядында атқарды, одан кейін өмірін шекара қызметімен байланыстыруды ойлап, ҚР ҰҚК Әскери институтына түсті. Жоғары оқу орнын бітірген соң Тараз шекара отрядының десантты-шабуылдаушы заставасында қызмет етті. Қызмет барысында «Жас оркен», «Сыпатай батыр», «Қайрат» заставаларында қызмет атқарды. Ал 2014 жылы «Дархан» заставасының бастығы болып тағайындалды. Отряд басшылығының айтуынша аталған заставаның аумағы ең күрделі участоктардың бірі болып саналады. Сондықтан да, бұл заставаға ең тәжірибелі, жауапкершілігі жоғары офицерлер тағайындалады екен. Аталған офицердің қырағылығының арқасында 2015 жылы шекара режимін бұзған 40 адам, сондай-ақ мемлекеттік шекараны бұзған 3 адам ұсталды. Биылғы жылдың басынан бері қарай шекара режимін бұзған 9 адам ұсталды. Ұсталғандардың көпшілігі - құжаттары дұрыс емес көрші елден келе жатқан мигранттар.

«Бір жолы нардяқа түскен кезде, түн қараңғылығынан ештеңе көрінбей тұрды, - дейді кейіпкеріміз өзінің ойлап тапқан құрылғысына қарап тұрып. - Тұрған орнымнан кетіп қалайын десем, әлдекім өтіп кететіндей сезіндім, біреу менің кетіп қалуымды күтіп тұрғандай болды. Сондықтан, сәл ұзап барып, әлгі жерге қайта оралып отырдым. Бір кезде басыма осындай құрылғы ойлап табу туралы идея келді. Құрылғы сынақтан жақсы өтіп, басшылық оны орнатуға рұқсат берді. Оны жасауға үлкен шығын да кетпейді. Әрі ықшам, әрі жинақы. Мұны басқа заставадағылар да қолдануда, жемісін көруде. Шекарашылардың өнертапқыштығы мұнымен шектелмейді. Түнге қарай қолына фонарь ұстаған адам бейнесіндегі қарауыл орнату да осы жігіттердің ойлап тапқандары. Оны бір рет түртіп қалсаң болғаны, ол адам сияқты қозғалып тұра береді. Шекара бұзушылардың үрейін ұшыруға жетіп жатыр. Алғы шепті күзету жұмыстары осылайша күннен-күнге даму үстінде. Тепловизорлар, камералар, радарлар, түнде көру құралдары - барлығы да шекара күзетуде таптырмас көмекшілер. Осындай көмекшілер бар кезде шекара күзету ісінде айтарлықтай табысқа да қол жеткізуге болады», - дейді ол.